SteppeNews.kz: Еліміздегі медицина саласындағы кадр мәселесі күрделене түсуде. Соңғы деректерге қарағанда, бос тұрған 469 орынды толтыруға тек 100 маман дайын. Еңбек министрлігі нарықтағы мұндай теңгерімсіздіктің, әсіресе, акушерлік және педиатрия бағыттарында айқын сезілетінін хабарлады.
Enbek.kz порталында «акушер-гинеколог» мамандығы бойынша 469 бос орынға небәрі 100 түйіндеме, «педиатр» бойынша 448 бос орынға 139 түйіндеме, ал «анестезиолог-реаниматолог» бойынша 300 бос орынға 75 түйіндеме тіркелген. Сонымен қатар онколог, неонатолог және эндокринолог мамандары да жетіспейді.
IT саласында да сұраныс жоғары: қолданбалы бағдарламашыларға — 509, графикалық дизайнерлерге 355 бос жұмыс орны бар.
Бірыңғай есепке алу жүйесінің мәліметінше, сұранысқа ие мамандықтар бойынша 45 мыңнан астам еңбек шарты жасалған. Олардың ішінде бағдарламалық жасақтаманы әзірлеушілер (шамамен 8 мың), акушер-гинекологтар (4,6 мың), педиатрлар (4,1 мың) және қолданбалы бағдарламашылар (3,5 мың) көш бастап тұр.
Шетелдік қызметкерлермен 55 шарт жасалған, олар негізінен «автоматтандыру жөніндегі инженер» мамандығы бойынша жұмыс істейді.
2025 жылы сұранысқа ие мамандықтар бойынша 9 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланған еді, оның ішінде ең үлкен қажеттілік медицина мамандарына тиесілі болды.
