SteppeNews.kz: Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Xinjiang Lihua» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Цихайды қабылдады. Кездесуде Қазақстанда толық өндірістік циклі бар мақта-мата кластерін құру мәселелері талқыланды. Президентке аталған жоба импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты бәсекеге қабілетті отандық өніммен қамтуға жол ашатыны баяндалды.

Чжан Цихай бүгінде бірнеше нысанның, соның ішінде екі мақта өңдеу зауытының іске қосылғанын жеткізді. Алдағы жылдары синтетикалық мата, тоқыма және киім шығаратын кәсіпорындарды ашу жоспарланған. Жоба аясында цифрлық технологиялар мен тамшылатып суару әдісін қолдана отырып, мақта алқаптарын 52 мың гектарға дейін кеңейту көзделіп отыр. Кластердің алғашқы кезеңінде 360 миллион долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылып, 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ.
Мемлекет басшысы бұл кластердің еліміздің оңтүстік өңіріндегі агроөнеркәсіп пен жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын, «ақылды» цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізудің өзектілігіне назар аударды. Соңында Президент Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін Чжан Цихайды II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
