SteppeNews.kz: Жетісу өңірінде көктемнің келуімен бірге табиғаттың ерекше әрі көз тартар көрінісі — Сиверс алмасының жаппай гүлдеуі басталады. Әлемдегі барлық мәдени алма сорттарының арғы тегі саналатын бұл бірегей өсімдік бүгінде «Жоңғар-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басты брендіне айналды. Сонымен қатар, ол экологиялық туризм мен ғылыми зерттеулердің маңызды нысаны ретінде жоғары бағаланып келеді.

Әлемдік маңызы бар табиғи мұра — Сиверс алмасы Сарқан ауданына қарасты Тополевка ауылы маңында ірі алқаптарда шоғырланған. Бұл өңір жабайы алма ағаштарымен қатар, бай биоалуантүрлілігімен, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесімен ерекшеленетін көрікті табиғи аймақтардың бірі.
«Жоңғар-Алатау» ұлттық паркі: Халықаралық мәртебе
Бүгінде «Жоңғар-Алатау» ұлттық паркі ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы аясында Халықаралық биосфералық резерваттар желісіне енгізілген. Бұл мәртебе парктің табиғи экожүйені сақтаудағы маңызы халықаралық деңгейде жоғары екенін айғақтайды. Ұлттық парк 2010 жылғы 30 сәуірде жабайы алма генофондын қорғау және өңірдің туристік әлеуетін дамыту мақсатында құрылған.

Көктемгі көрініс: Жапон сакурасымен бәсекелес сұлулық
Сиверс алмасы сәуірдің соңы мен мамырдың басында гүлдейді. Осы кезде тау бөктері ақ-қызғылт түске боялып, айнала жұпар иіске бөленеді. Табиғаттың бұл әсем көрінісін тау баурайындағы жабайы пиондардың қанық қызыл түсі толықтыра түседі. Мұндай құбылысты көпшілік Жапониядағы сакура гүлдеуімен салыстырады. Екі көрініс те қысқа мерзімге созылғанымен, ерекше сұлулығымен адамдарды баурап алады.
Жетісудағы алма гүлдеуіне арналған фестиваль
Сиверс алмасы бүгінде тек ұлттық мақтаныш емес, бүкіл адамзатқа ортақ құнды табиғи мұра ретінде танылып отыр. Осы мұраны дәріптеу мақсатында жыл сайын Жетісу өңірінде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Биылғы шара 2 мамыр күні өтті. Алмалы ауылдық округінің әкімі Берік Доланбаевтың айтуынша, фестиваль соңғы он жыл бойы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Алғашында шағын форматта басталған шара бүгінде халықаралық деңгейге көтерілген. Фестиваль аясында Қазақстан, Түркия және Қытай суретшілері арт-пленэрге қатысып, табиғат пен өнердің үйлесімін көрсетті. Қонақтар ұлттық ойындарды тамашалап, қолөнер жәрмеңкесін аралады. Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі — жабайы алма бақтарына ұйымдастырылған экскурсия болды. Қатысушылар ғасырлар бойы сақталған ағаштарды көріп, олардың биологиялық ерекшеліктерімен танысты. Алакөл ауданының құрметті азаматы Кәузия Рахметова Сиверс алмасының ерекше төзімділігін атап өтті. Оның айтуынша, бұрын бұл ағаштар отын ретінде пайдаланылып, соның салдарынан алқаптар сиреп кеткен.

Қазіргі таңда жағдай өзгерген. Осы саланың маманы және туризм бөлімінің басшысы, Сулейменова Меруерттің айтуы бойынша Сиверс алма ағаштары ұлттық парк аумағының небәрі 1,5 пайызын ғана қамтиды. Осыған байланысты бұл өсімдік Қазақстанның Қызыл кітабына енгізіліп, ерекше қорғауға алынған. Жабайы алманың дәмі қышқыл болғанымен, оның генетикалық маңызы өте зор. Сонымен қатар, гүлдеу кезеңі омарташылар үшін де маңызды. Сиверс алмасының гүлінен жиналған бал табиғи тазалығымен, ерекше хош иісімен және емдік қасиеттерімен ерекшеленеді.
Сиверс алмасы — тек табиғаттың сыйы ғана емес, бүкіл адамзат үшін құнды генетикалық мұра. Оны сақтау — бүгінгі ұрпақтың басты міндеттерінің бірі. Жетісудың бұл жауһары алдағы уақытта да экологиялық туризмді дамытуға және табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға зор үлес қоса бермек.
