SteppeNews.kz: Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, қалада қалдықтарды қайта өңдеп, электр энергиясын өндіретін зауыт құрылысының жобасы құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуына дайындықтың қорытынды кезеңіне өтті.
Жоба Алатау ауданында Қытайдың «Junxin Environmental Protection» компаниясының қатысуымен жүзеге асырылуда. Инвестиция көлемі 280 миллион АҚШ долларынан асады (шамамен 130 миллиард теңге). Кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне 2 мың тоннаға дейін қалдықты өңдейді. Қаланың энергия жүйесі үшін 60 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.

Қазіргі кезеңде дайындық жұмыстары аяқталды. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен инвестициялық келісімге қол қойылды. Қалдықтарды жеткізу және өндірілетін электр энергиясын энергия жүйесіне беру бойынша негізгі уағдаластықтар бекітілді.
Жобада халықаралық экологиялық стандарттарға сай келетін, шығарындыларды тазалайтын заманауи автоматтандырылған жүйелермен жабдықтау қарастырылған. Құрылыс кезеңінде 700-ге жуық жұмыс орны, ал нысан іске қосылғаннан кейін 120-ға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Жобаны іске асыру полигондарға түсетін салмақты азайтуға, қалдық көлемін қысқартуға және оларды қайта өңдеу арқылы қосымша электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 29 тамызда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Қытайдың «Junxin Environmental Protection» компаниясы арасында Алматы қаласында электр энергиясын өндіретін қоқыс жағатын зауыт салу жобасы бойынша инвестициялық келісімге қол қойылған болатын. «Junxin Environmental Protection» — «жасыл» энергетика және қалдықтарды өңдеу саласындағы ірі қытайлық оператор, оның қоржынында 455 патент пен осындай жобаларды жүзеге асырудың бай тәжірибесі бар.
