SteppeNews.kz: Қазақ тілі алғаш рет халықаралық деңгейдегі Азиаттық-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасының (APLO-2026) ресми жұмыс тілі ретінде бекітілді. Бұл тарихи оқиға мемлекеттік тілдің жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігіне ықпалдасуының және академиялық коммуникация құралы ретіндегі әлеуетінің айқын дәлелі болды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Олимпиада барысында барлық тапсырмалар мен олардың ресми шешімдері ұйымдастырушылардың платформасында қазақ тілінде жарияланды. Биылғы зияткерлік додаға Қазақстан, Қытай, Жапония, Малайзия, Корея Республикасы, Сингапур және Таиланд сияқты Азиаттық-Тынық мұхиты аймағы елдерінен 300-ге жуық дарынды оқушы қатысты. APLO-2026 – Халықаралық лингвистикалық олимпиадаға іріктеу кезеңі болып табылатын беделді жарыстардың бірі.

Қазақстан құрамасы аталған олимпиадаға осымен үшінші рет қатысып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Биыл ел намысын қорғаған 8 оқушының барлығы марапатсыз қалмады: қоржынға 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль түссе, тағы 4 қатысушы Құрмет грамотасына ие болды. Командалық есепте Қазақстан құрамасы 8-орынды иеленді.
Жеке есепте оралдық Шыңғыс Қарасаев ерекше көзге түсті. Орал қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы алтын медаль иеленіп, Азия елдерінен келген үздік қатысушылардың арасында 9-орынға тұрақтады. Күміс жүлде Астана қаласы Нұра ауданындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Әмірбек Азатбековке бұйырды. Қола медальдарды Ақтау қаласындағы мамандандырылған IT-лицейінің 11-сынып оқушысы Рамазан Бутантаев пен Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы Абай атындағы мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Кирилл Тұрғымбаев жеңіп алды.

