STEPPENEWS.KZ: «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер, сценарист, кинодраматург Нұрлан Санжарұлы Сегізбаев көз жұмды»-деп хабарлады ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі.
Нұрлан Санжарұлы Сегізбаев — қазақ киносының ерекше тұлғасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты, сценарист және драматург.
Әріптестері мен журналистер оны ондаған жыл бойы бір ғана кейіпкер — Қожамен байланыстырып келгенін Нұрлан Санжарұлының өзі талай мәрте өкінішпен айтқан. Оның сөзінше, жұрттың бәрі оны тек «Қожа» деп таниды, кез келген қоңырау сол рөлден басталады. Ал бұл бейне оның алдын ала армандап, саналы түрде таңдаған образы болмаған, тағдырдың тосын сыйы ретінде келген.
Сонымен қатар ол шығармашылық жолының бір ғана рөлмен шектеліп қалуына қынжылып, неге өзінің кейінгі еңбектері, сценарийлері мен ғылыми ізденістері назардан тыс қалып келе жатқанын ашық жеткізген. Өзге салалардағы еңбегі де айтылып, бағаланса деген тілегін автор ретінде бірнеше рет білдірген.
Әдебиет саласында «Жошы», «Бату», «Періште», «Қызыл қар» романдарын жазған қаламгер. Сонымен қатар, әлі кітап болып басылмаған тоғыз қолжазбасы бар.

