STEPPENEWSKZ: Қазақ елі мен Қытай халқының арасындағы мәдени ынтымақтастық бүгінде жаңа деңгейге көтерілді.
Ғылым мен технология дамыған қазіргі кезеңде, халықтар арасындағы байланыстың жаңаша формуласы қалыптасып келеді. Әсіресе жастар арасындағы өзара түсіністік нығайып, білім саласындағы ынтымақтастық күшейуде. Сонымен қатар мәдени, өнер жобаларына жол ашылып, қоғамдық дипломатияны дамытуда стереотиптерді жойып, екі ел халықтарын жақындастыруда.
Мұндай өзгеріс Қазақстан мен Қытай елдерінің арасында қатты байқалады. Жастар арасындағы даңғыл жолды ашқан, өнер арқылы көпір салған Димаш көштің басында тұр. Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі мәдени ынтымақтастық тарихи негізге сүйеніп қана қоймай, жаңа бастамалармен толығып, аймақтық деңгейден жоғары деңгейдегі стратегиялық бағытқа айналды.
Қытай университеттері түлектері қауымдастығының негізін қалаушы Жамиля Елеусізова «2024-2025 жылдардағы Қазақстан мен Қытайдағы Туризм жылдары мәдени жақындасудың нақты көрінісі болды. Атап айтқанда, жаңа әуе рейстері ашылды, Қазақстанның мәдени орталығы Бейжіңде ашылды, қазақстандық жастар үшін Қытайға бару бұрынғыдан да жеңілдеді және екі ел арасында визасыз режим жұмыс істеп, халықтар арасындағы байланыс жандана түсті» дейді.
Ал, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимов мәдени дипломатияның жаңа кезеңінде, Қазақстанның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына төрағалығы кезінде Алматының «аймақтық мәдени орталық» болып жариялануы екіжақты мәдени диалогтың биік деңгейде екенін атап. «Димаштың қазақ музыкасын қытайлық тыңдарманға жеткізуі – мәдени дипломатияның жарқын үлгісі. Оның шығармашылығы біздің мәдениетті Қытай жұртшылығына кеңінен танытып, екі ел арасындағы мәдени байланыстарға жаңа серпін беріп отыр» деді.
Сарапшыларымыз атап көрсеткендей, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастық бүгінде жаңа деңгейге көтерілді. Екі елдің мәдениеті мен білімі және гуманитарлық саладағы қарым-қатынасы тереңдей берері анық. Қазір жасанды интелект дәуірі. Технологиясы дамыған Қытай елімен байланыс орнатуымыз, жастарымыз үшін өте тиімді. Себебі екі жақты тәжірибе алмасу арқылы, болашақта қазақ технократтры шығып қалуы әбден мүмкін.

