STEPPENEWS.KZ: Аты аңызға айналған америкалық боксшы, бірнеше салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған Рой Джонс кіші қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының шеберлігіне жоғары баға берді.
WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы туралы пікір айтқан Рой Джонс оны қазіргі дивизиондағы ең мықты боксшы деп атады.
— Жәнібек – орта салмақтағы ең үздік боксшы. Ол әлемдік деңгейде өз мүмкіндігін әлі де дәлелдей түсуі керек. Бұл — уақыт еншісіндегі дүние, — деді америкалық боксшы.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы кәсіби рингте жеңіліп көрмеген. Ол техникалық дайындығы, соққысының дәлдігі мен тактикалық сауаттылығы арқылы халықаралық сарапшылардың назарын аударды. Көптеген бокс мамандары қазақстандық чемпионның орта салмақта ұзақ уақыт бойы көш басында болуына барлық алғышарт бар екенін айтады.
Рой Джонс секілді аңыз спортшының бұл пікірі Жәнібек Әлімханұлының әлемдік бокстағы орнын айқындай түсті. Енді жанкүйерлер отандасымыздан ірі жекпе-жектер мен жарқын жеңістер күтеді.

