Астана және Шымкент қалаларында тұрмыстық қалдықтан электр энергиясын өндіретін зауыттар салынады.
Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі, «Shaanxi Construction Engineering Kazakhstan Co., Ltd» ЖШС және «East Hope» ЖШС инвестициялық келісімдерге қол қойды.
«Астана қаласында тәулігіне 1 500 тонна тұрмыстық қалдықты (жылына шамамен 550 мың тонна) өңдей алатын зауыт салу жоспарланып отыр. Жобаның жалпы инвестиция көлемі — 94,4 млрд теңге (180 млн АҚШ доллары)», — деп жазылған Экология министрлігінің хабарламасында.
Ал Шымкент қаласында тәулігіне 1 000 тонна (жылына шамамен 360 мың тонна) қалдық өңдейтін кәсіпорын салынады. Инвестиция көлемі — 53,9 млрд теңге (100 млн АҚШ доллары).
Жобаларды іске асыру барысында 550-ден астам уақытша жұмыс орны, сондай-ақ шамамен 200 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Аталған нысандардың іске қосылуы полигондарға шығарылатын қалдықтардың көлемін айтарлықтай азайтуға және экологиялық таза электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.

