Театр және кино актері Әділ Ахметов «Хабар» арнасындағы «КЕШREC» бағдарламасында басынан өткен қызықты оқиғаны айтып берді.
«Қазмедиа» орталығы ашылды. «Хабар» арнасының басшысы Ринат Кертаев шақырып жатыр деді. Костюм-шалбар киіп бардым. 17-қабатта отырады екен. Хатшы қыз кірген бойда Әділ Ахметов келді деп ескертіп жатыр. Мен есімім мен тегімді бірге алғаш рет естіп, бір марқайып тұрмын. «Кофе ішесіз бе, шай ма?» деп сұрап жатыр. Кинодағыдай аураны сезініп, «кофе ішейін» деп қоямын. Жаңа ғана театрда жүрген адамсың. Ал енді «Хабардың» басшысымен 17-қабатта отырсың, ойлай беріңіз. Сенімен сұхбаттасып, пікір сұрап отыр. Осылай үш күн барып жүрдім», — дейді актер.
Әділ Ахметов үшінші күні үлкен мәселені шешіп отырғанда телефонына қайта-қайта қоңырау шалғанын атап өтті.
«Театрдан қоңырау шалып жатыр екен. Дәлізге шығып, «ало, Әсем не болды?» десем, «е Әділ, бүгін Ұр тоқпақ ертегісі қойылады ғой, есектің арты сен болады екенсің ғой, қайдасың?» демесі бар ма? Бірден 17-ші қабаттан жертөлеге бұрқ етіп құлағансың ғой. Өзім тоқтамай күліп жатырмын. Ұр тоқпақ ертегісіндегі есекті екі адам ойнайтын едік. Онда да мен есектің басы емес, арты болып шығамын», — деп күлдірді актер.
Еске сала кетейік, бұған дейін актер Елдос Шайкенов бала кезінде циркке бару үшін үйдегі самаурынды сатып жіберген кезін еске алып, осы ісі үшін анасынан кешірім сұраған болатын.

