Биыл 3 қарашада «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау қайта басталады.
Өтінімдер 1 желтоқсанға дейін қабылданады.
«Қазақстандықтар үшін баспана алудың тиімді мүмкіндігін ұсынатын «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау 2025 жылғы 3 қарашадан бастап 1 желтоқсанға дейін жүргізіледі. Бағдарламаға Отбасы банкінің барлық салымшысы, сондай-ақ депозитінде кемінде 2 миллион теңге жинағы бар және соңғы бес жыл ішінде өзінде де, отбасы мүшелерінде де тұрғын үйі болмаған азаматтар қатыса алады», — деп мәлімдеді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.
Қазақстандықтар өтінімді Baspana Market платформасы арқылы онлайн береді. Өтінім нәтижесін де платформадағы жеке кабинетіне кіріп, бақылай алады.
Бағдарлама шарттары
Таза әрленген жаңа пәтерді сатып алу үшін бастапқы жарна 10%-дан, ал әрленбеген немесе қайталама тұрғын үй үшін 20%-дан басталады. Сыйақы мөлшерлемесі әлеуметтік осал топтар үшін 7%-дан (ЖТСМ 7,1%-дан), басқа қатысушылар үшін 9%-дан (ЖТСМ 9,4%-дан) есептеледі.
Несие сомасының ең жоғары мөлшері өңірлер үшін — 30 миллион теңге, ал Астана мен Алматы қалалары үшін — 36 миллион теңге көлемінде. Несие 19 жылға дейін беріледі.
Бағдарлама аясында Астана, Алматы және облыс орталықтарында тек жаңа тұрғын үйлердегі пәтерді сатып алуға болады. Ал моноқалалар мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары үшін бірінші және екінші нарықтағы үйлер ұсынылады. Барлық тұрғын үй нысаны Baspana Market порталы арқылы таңдалады.

 
