Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдердің психикалық және эмоционалдық саулығын сақтау – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Себебі суицидтің, зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу тек бір мекеменің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі болып отыр. Осы бағытта Оқу-ағарту министрлігі жүйелі және кешенді шаралар қабылдап жатыр.
Бұл жұмыс «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды» іске асыру аясында жүргізілуде. Аталған жоспар мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, ата-аналардың және қоғамның үйлесімді іс-қимылын көздейді.
Барлық білім беру ұйымында оқушылардың психоэмоционалдық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіледі. 1 қыркүйектен бастап ел бойынша барлық мектепте жеке қауіпсіздік сабақтары қайта басталды.
Бұл сабақтар балалардың жас ерекшелігіне қарай бейімделген:
- балабақшаларда – балалар жедел қызмет нөмірлерін үйренеді;
- бастауыш сыныптарда – қаңғыбас иттерден қорғану және суда қауіпсіздік ережелерімен танысады;
- орта буында – буллинг пен кибербуллингтен сақтану, бейтаныс адамдардың ұсыныстарынан бас тарту дағдыларын меңгереді;
- жоғары сыныптарда – қаржылық сауаттылық пен интернет-алаяқтардан қорғану мәселелері қарастырылады.
Бұл сабақтар жылына үш рет өткізіліп, барлығы 130 тақырып бойынша дайындалған.
Қазіргі уақытта еліміздегі білім беру ұйымдарында 9 мыңға жуық педагог-психолог жұмыс істейді. Олардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты 36 сағаттық «Білім беру ұйымдарындағы кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу» атты курс әзірлеген. 2024–2025 оқу жылында бұл курстан 2 мыңға жуық педагог-психолог өтті, ал келесі жылы тағы 500 маманды қамту жоспарланып отыр.
Психологиялық қызметтің сапасын арттыру мақсатында «Мектеп психологына көмек» атты бірыңғай әдістемелік жинақ дайындалды. Ол 23 диагностикалық әдістемеден тұрады және барлық өңірге таратылды.
Суицидтік мінез-құлық белгілері бар балаларды дер кезінде анықтау және көмек көрсету үшін Оқу-ағарту министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, бірыңғай алгоритм қабылдады. Бұл құжат мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын нақтылап, балаларға жедел әрі кешенді көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.
Балалардың өмірі мен денсаулығы – ең жоғары құндылық. Сондықтан да әрбір ата-ана, педагог және қоғам мүшесі балаға назар аударып, оның көңіл күйі мен мінез-құлқындағы өзгерістерге бейжай қарамауы қажет. Мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан шаралар балалардың өмірін сақтап қана қоймай, олардың өзін қауіпсіз, қамқор ортада сезінуіне жол ашады.

 
