Алматы қаласының аудандарының бірінде жасөспірім ер адамды ұрып-соқты.
Әлеуметтік желіде жасөспірімнің жерде жатқан үйсіз-күйсіз ер адамға қатыгездік танытқаны түсірілген видео жарияланды. Кәмелетке толмаған бала ер адамды қоқыс жәшігінің жанында тепкілеген.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға 24 қазанда Таугүл-1 шағын ауданында № 33 үйдің жанында болған. Жасөспірімнің оң қолы бинтпен таңылғанын көруге болады.
Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі Әуезов аудандық полиция басқармасының қызметкерлері оқиға бойынша тергеу жүргізгенін хабарлады.
«Кәмелетке толмаған бала мен оның заңды өкілінің кім екені анықталды. Жасөспірім мен оның ата-анасына қатысты заңға сәйкес шаралар қолданылды. Полиция кез келген қатыгездікті, әсіресе кәмелетке толмағандар жасаған әрекетті түбегейлі айыптайды. Мұндай әрекетке жол беруге болмайды», — дейді полиция.

 
