Шымкентте полиция қызметкерлері қала көшелерінде күмәнді өнімдерді таратқан төрт қызды ұстады, деп хабарлайды OTYRAR сайтына сілтеме жасап.
Тексеру барысында барлығының шетел азаматы екені және ұсталғандардың бірі кәмелетке толмаған бала екені анықталды.
«Полицияның мәліметінше, қыздар «Мен сегіз баланың анасымын. Өтінемін, дымқыл майлықтар сатып алыңызшы» деген жазуы бар және қаражат аударуға арналған банк картасының нөмірі көрсетілген дымқыл майлықтарды таратқан», — деп жазды портал.
Қаскөйлер осылайша азаматтардың жанашырлығын тудырып, қаржылай көмек алуға тырысқан.
Полиция ұсталғандарға азаматтарды адастыруға жол берілмейтінін және елдегі еңбек пен кәсіпкерлік қызметті реттейтін заңдарды сақтау қажеттілігін еске салды.
Кәмелетке толмаған қызға заңды өкілдерінің қатысуымен түсіндіру жұмыстары бөлек өткізілді.
Полиция мұндай жағдайлардың әдетте қайырымдылық атын жамылып, заңсыз пайда табуға бағытталғанын айтты. Азаматтарды қырағылық танытып, күмәнді өтініштер бойынша ақша аудармауға және мұндай фактілер туралы жақын жердегі ішкі істер органдарына немесе 102 нөміріне дереу хабарлауға шақырды.

 
