Қазір Қызылорда облысында жүрген президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өнер орталығына барды.
Мемлекет басшысы көрермен залын аралап көріп, облыстық симфониялық оркестрдің дайындық барысын тамашалады.
«Мың орынға арналған көп функционалды Өнер орталығы былтыр ашылған. Кең әрі заманауи үлгідегі ғимарат құрылысына 3,7 миллиард теңге жұмсалған. Мұнда концерттер, шығармашылық кештері мен түрлі қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Орталықта бірнеше шығармашылық ұжым жұмыс істейді», — деп хабарлайды Ақорда.
Жалпы, дереккөзге сүйенсек, 2022 жылдан бері облыста 18 мәдениет нысаны ашылған екен. Соның ішінде 7 заманауи «Руханият» орталығы, музыкалық колледждің жаңа ғимараты, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен шалғай елді мекендерде мәдениет үйлері салынды.
Әкімдік мәдениет саласы қызметкерлерін баспанамен қамту, мамандардың біліктілігін арттыру және озық тәжірибені енгізу бағыттары бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.

