Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұржан Әшімбетов ауылдық жерлердегі кооперацияның даму қарқыны төмен екенін айтып, Үкіметтен нақты шаралар қабылдауды сұрады.
Оның айтуынша, ауыл тұрғындарының басым бөлігі кооперативтерге бірігудің тиімділігін түсінбейді, ал мемлекеттік бағдарламалар бұл бағытты жеткілікті деңгейде қолдап отырған жоқ.
«Бүгінгі таңда елдегі жеке қосалқы шаруашылықтар ауыл шаруашылығы өнімдерінің 40 пайыздан астамын өндіреді. Алайда олардың көбі кооперативтік бірлестіктерден тыс жұмыс істейді. Халық кооперацияның артықшылықтары туралы білмейді және ұжымдық басқару түрлеріне сенімсіздік танытып отыр», – деді депутат.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 4,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген. 2024 жылы олар 83 млрд теңгенің өнімін өндірген, бұл жалпы ауыл шаруашылығы өндірісінің тек 10 пайызына тең. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш кемінде 50 пайызды құрайды.
Нұржан Әшімбетов Президенттің 2023 жылғы Жолдауында айтылған «Ауыл – ел бесігі» және «Ауыл аманаты» жобалары ауылды дамытудың негізгі бағыттарының бірі екенін еске салды. Алайда депутат бұл бағдарламаларға бөлінген қаражаттың азайғанына назар аударды.
«Бағдарлама бойынша жыл сайын 100 млрд теңге бөлінуі тиіс еді. Бірақ 2024 жылы бар болғаны 13 млрд теңге, ал 2025 жылы небәрі 10 млрд теңге қарастырылған», – деді ол.
Сонымен қатар депутат кооперативтердің жер конкурстарына қатысуы кезінде әділдік қағидатының бұзылғанын сынға алды. Бұған дейін Мәжіліс кооперативтерге қосымша балл беру туралы түзету енгізгенімен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қаулысы жеке тұлғаларға басымдық беріп отыр.
Нұржан Әшімбетов Үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады:
- 2025–2030 жылдарға арналған Өңірлік даму тұжырымдамасына кооперативтердің тиімділігін бағалау, ауыл шаруашылығына тартылған жеке шаруашылық үлесін және қайта өңдеу көлемін енгізу.
- Кооперативтердің бірыңғай цифрлық тізілімін құру, ол арқылы олардың құрамы мен экономикалық белсенділігіне мониторинг жүргізуге мүмкіндік жасау.
- Өңірлік ерекшеліктерге сай үлгілік кооператив бизнес-модельдерін әзірлеп, кейін барлық аймақтарға тарату.
- Ауыл тұрғындарына кооперацияның артықшылықтарын түсіндіру жұмыстарын күшейту.
- Қаржыландыру көлемін арттыру, «Даму» қоры бағдарламаларына ұқсас кепілдік беру және тауарлық қарыз түрінде қолдау көрсету.
- Кооперативтерге салықтық жеңілдіктер беру мүмкіндігін қарастыру.
- Жер аукциондарына қатысу кезінде қосымша балл бөлу жүйесін әділ ету.
Депутаттың айтуынша, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту – ауыл экономикасын әртараптандырудың, ауыл халқының табысын арттырудың негізгі жолы. Кооперативтер ауылды дамыту мен табыс көзін кеңейтудің тірегі болуы тиіс. Ол үшін Үкімет кешенді әрі нақты шаралар қабылдауы қажет.
