Қазақстанда 1 қарашадан бастап сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің көлемін есептеудің жаңа әдістемесі күшіне енеді.
Осыған дейін кейбір БАҚ беттерінде жаңа есептеу тәртібі енгізілген соң қазақстандықтар көршілерінің шығыны үшін артық ақша төлейді деген ақпарат тараған еді.
Алайда Индустрия және құрылыс министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәлімдеуінше, қабылданған әдістеме жаңа төлемдерді енгізбейді және су үшін ақы төлеу мөлшерін ұлғайтпайды.
Министрліктің түсіндіруінше, құжаттың мақсаты суды жеткізу және бұру көлемін анықтаудың бірыңғай ережелерін белгілеу. Бұрынғыдай төлем су есептегіш құралдарының көрсеткіштері бойынша жүргізіледі, яғни тұтынушы мен су арнасы желілерінің шекарасында орнатылған құрылғы деректері негізге алынады. Ал есептегіші жоқ тұтынушылар үшін төлем мөлшері әкімдік бекіткен тұтыну нормалары бойынша есептеледі.
Көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары үшін де есептеу тәртібі өзгермейді. Егер үйде жалпы үйлік су есептегіш орнатылып, кейбір пәтерлерде жеке есептегіштер болмаса, онда жалпы үйлік және жеке көрсеткіштер арасындағы айырмашылық кондоминиум қатысушылары арасында пропорционалды түрде бөлінеді. Мұндай тәртіп бұрыннан қолданыста болған, енді түсінбеушіліктердің алдын алу үшін ол жаңартылған әдістемеде нақты бекітіліп отыр.
Осы әдістемені қабылдау сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне ақы төлеудің ұлғаюына әкелмейді.
«Әдістеме төлем қағидаттарын өзгертпейді. Ол тек жүйені барынша ашық етеді. Есептегіші бар тұтынушы тек өз тұтынған суы үшін төлейді, ал есептегіші жоқтар бекітілген норма бойынша. Жалпы үйлік және жеке есептегіштер арасындағы айырмашылық бұл ортақ үй қажеттіліктері, ал ол ешқандай қателік те, айыппұл да емес. Жасырын қосымша төлем болмайды. Мұндай есептеу тәртібі бұрыннан бар еді» — деді Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төраға орынбасары Нұрсұлтан Керімқұлов.
Ведомство мәліметінше, жаңа әдістеме тұрғындар үшін ештеңені өзгертпейді: тек қолданыстағы тәжірибені біріздендіріп, оны барша өңірлерге түсінікті әрі бірыңғай етеді. Су ақысы өспейді деп кепілдік береді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.
