Пара алғаны үшін сотталған Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың тойда жүрген видеосы тарады.
Видеоға мән берсек, экс-шенеуніктің тойда алдыңғы қатарда құрметті қонақтардың қатарында жүргені байқалады.
Хаменованың жазасы кейінге қалдырылған шартты түрде сотталғанын және пробация қызметінің бақылауында екені белгілі болды.
«Бақытгүл Хаменова Атырау қаласы №2 сотының заңды күшіне енген үкімімен жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Кәмелетке толмаған баласының барын ескере отырып, сот Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігін қолданып, жазаны өтеуді үш жыл мерзімге, бірақ баласы 14 жасқа толғанға дейінгі уақыттан аспайтындай етіп кейінге қалдырды», – деп хабарлады Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК).
Ведомствоның хабарлауынша, жазаны өтеу мерзімінің кейінге қалдырылған кезеңінде сотталған адам заңда белгіленген шектеулерді сақтауға міндетті. Атап айтқанда, оның Қазақстан Республикасынан шығуына тыйым салынған және ол пробация қызметінде тоқсан сайын кемінде бір рет белгіленіп отыруы тиіс.
Айта кетейік, Бақытгүл Хаменова Атырауда Абай ескерткішін дайындау және орнату бойынша 145 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін ЖШС басшысынан 4,5 млн теңге сомасында пара алды деп күдікке ілініп, қамауға алынған.
