Ақтаудағы тұрғын үйдің жертөлесіндегі газ баллоны жарылысы салдарынан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бес адамның ауруханаға түскенін мәлім етті, олардың ішінде екі ересек және үш бала бар.
«Екі адам ауруханаға жатқызылды, ал үшеуі тексеруден кейін амбулаториялық емдеуге жіберілді. Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты. Жедел жәрдем қызметі мен өңірдегі медициналық ұйымдар қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Жағдай Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бақылауына алныған», — делінген ведомство хабарламасында.
Lada.kz жазғандай, 1973 жылы туған ер адам ауыр халде жансақтау бөліміне түскен. Дәрігерлердің айтуынша, оның беті, мойны, кеудесі, қол-аяғы мен арқасы күйіп қалған. Денесінің шамамен 50–55 пайызын 3-АБ дәрежелі күйік шалған, соның 20 пайызы қатты күйген. Сондай-ақ науқастың көз қасаң қабығы зақымданған.
2003 жылы туған тағы бір ер адамның беті жараланған, ол алғашқы хирургиялық ем алғаннан кейін амбулаториялық емдеуге жіберілді.
Маңғыстау облыстық көпсалалы балалар ауруханасына үш бала түскен. 15 жастағы қызға иіс тиіп, орташа ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер оның есін білетінін, жағдайы тұрақты екенін хабарлады.
10 жастағы тағы бір қыздың жағдайы да осындай болған, алайда анасы ауруханаға жатқызудан бас тартқан. Ал 7 жастағы ұл бала иістен жеңіл уланған. Дәрігерлер тексерістен кейін оны үйіне жіберді.
Еске салайық, бұған дейін Ақтаудағы тұрғын үйлердің бірінің жертөлесінде газ баллоны жарылып, өрт шыққан болатын.
Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, жарылыстан жертөле мен бірінші қабаттағы пәтерлердің терезелері сынған, көрші құрылыс алаңының тас дуалының бір бөлігі қираған. Сондай-ақ бірнеше автокөлік зақымданған.
