Нағыз патриотизм – бұл ұрандатып, жалынды сөздер айту емес, Отанға адал қызмет етіп, өз ісіңді жауапкершілікпен атқару. Бүгіннің патриоттары – қарапайым еңбек адамдары. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы сұхбатында осындай пікір білдірді.
Қазақстандық патриотизмді рулық, жүздік түсінікпен шектеуге болмайды
Депутаттың айтуынша, патриотизм – ауқымды ұғым. Адам оны әр кезеңде әрқалай қабылдайды. Жастау шағында патриотизм көбіне ұран, жігер, мотивация арқылы сезілсе, есейе келе оның мәні өзгереді. Ақыл тоқтатып, қоғамға араласа бастағанда адал, тұрақты еңбек ету, қоғамға пайда әкелу – нағыз патриотизм екенін түсінеді.
«Біз патриотизмді ұлттық таныммен байланыстыра қараймыз. Бұл дұрыс, бірақ ол заман ағымына сай бейімделуі керек деп ойлаймын. Қазіргі заманның патриоттары деп еңбек адамдарын атар едім. Мемлекет басшысы Жұмысшы мамандықтар жылын бекер жариялаған жоқ. Еліміздің кез келген саласы еңбек адамының маңдайынан тамған терге сүйеніп тұр. Сондықтан бүгіннің нағыз патриоттары – солар. Әрине, Отан қорғаушылардың да орны бөлек. Бірақ патриотизмді тек жауынгерлік рухпен шектеуге болмайды. Бұл ұғымды кеңінен түсініп, жастарға насихаттауымыз қажет. Қазақстандық патриотизмді рулық, жүздік түсінікпен шектеуге болмайды. Тәуелсіз Қазақстанның жастарын тұтас елдік, отаншылдық, мемлекетшілдік санаға бағыттауымыз керек. Елімізде түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Осы татулық пен тұрақтылықты баянды етуге еңбек сіңіру патриотизмнің негізі болуы тиіс», — дейді Жарқынбек Амантайұлы.
Ұлттық танымдық ерекшелігіміз қашанда идеологияның қайнар көзі болған деп жалғастырды сөзін мәжілісмен.
«Ертеректе батырлар жыры, ерлік туралы аңыздар мен ертегілер, ел қорғаған азаматтардың ерлігі жайлы естеліктер – жастарды рухты, қайсар азамат етіп тәрбиелеудің қуатты құралы болған. Осылайша патриотизм ерекшелігі осында жатыр. Тарихы терең ұлт болғандықтан, салмақты дүниелер ұсынамыз. Бос ұран мен жалған желөкпелік бізге тән емес. Ерекшелігіміз – күнделікті өмірімізде де патриотизмнің ізі бар. Әлди жырлары, мақал-мәтелдер, тұрақты сөз тіркестері барлығы да ізгілікке, елге деген сүйіспеншілікке негізделген», — дейді ол.
Әскери-патриоттық клубтарға қандай өзгеріс қажет
Жарқынбек Амантайұлы еліміздегі әскери-патриоттық клубтардың идеологиясы мен әдістемелік базасын орталықтандыруды ұсынды.
«Әскери-патриоттық клубтар көптеп ашылып жатыр. Мен олардың идеологиясын, методикасын орталықтандыру керек деп есептеймін. Мысалы, Бауыржан Момышұлы немесе Қабанбай батыр атындағы атаулар болуы мүмкін. Бірақ олардың идеологиясы орталықтандырылуы қажет. Әлемдегі түрлі идеологиялар әлеуметтік желі арқылы жастарымызға әсер етуде. Сондықтан жастарды тәрбиелейтін әскери-патриоттық клубтардың әдістемелік базасын жүйелеп, сапалық тұрғыдан жақсарту керек», — деп пікір білдірді депутат.
Сонымен қатар отандық фильмдердің мазмұны мен сапасына мән беру қажет екенін айтты.
«Бүгін нарық заманында өмір сүріп жатырмыз. Әр азамат бәсекелестік ортада өз еңбегімен нәпақасын табуда. «Бастысы – өзім пайда тапсам» деген түсінік қоғамға дендеп енуде. Осындай уақытта мемлекет ретінде түрлі идеологиялық құралдарды тиімді пайдалануымыз қажет. Отбасы институтын нығайту маңызды. Сонымен қатар, идеологияның негізгі құралына айналған қазақ фильмдерінің мазмұнына назар аударған жөн. Кеше «Капитан Байтасов» фильмінің тұсаукесерінде болдым. Ой салатын туынды. Көрермен көп жиналды, әсіресе жастардың белсенділігі қуантты. Қазір қазақ фильмдерін тамашалайтын жастардың саны артуда, ал шетелдік фильмдерге қызығушылық азаюда. Сондықтан отандық фильмдердің сапасы мен мазмұнына мән беру қажет деп ойлаймын», — дейді Жарқынбек Амантайұлы.
Елдің болашағы үшін қызмет ету – нағыз патриотизм
Депутаттың айтуынша, патриотизмді мемлекетшілдік, ұлттық, ұлтшыл патриотизм деп бөлуге болады. Бірақ қазіргі уақытта мемлекетшілдік тұрғыдан қарау өте маңызды.
«Өкінішке қарай, ұлтжандылықты, ұлттық патриотизмді ұлтшылдықпен шатастырып, арандатуға жол беріп алатын азаматтар бар. Бұл өтпелі кезеңде болуы тиіс құбылыс. Дегенмен көпұлтты Қазақстан үшін елдің тұтастығын сақтау аса маңызды. Елдің тұтастығына бәріміз мүдделіміз, тәуелсіздігіміз осыған байланысты. Тәуелсіздігіміз нығая түссін, жетістіктер арта берсін десек, елдің тұтастығына баса назар аударуымыз керек», — дейді ол.
Мәжілісменнің пікірінше, түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері өздерін бір елдің тең құқылы, толыққанды азаматы ретінде еркін әрі қауіпсіз сезінетін орта қалыптастыру қажет. Осы бағытта еңбек ету – нағыз патриотизм.
«Қазіргі әлемдегі түрлі оқиғаларды көріп, қазақстандықтар ел ішіндегі ауызбірліктің қаншалықты құнды екенін терең сезініп отыр деп айта аламын. Жұртшылық тұрақтылықтың құнын бұрынғыдан да бетер сезіне түсті. Сондықтан елдің тұтастығын сақтау, елдің болашағына қызмет ету – үлкен патриотизм. Патриотизм ұранмен өлшенбейді. Елге келіп бір тал ексең, шағын кәсіп ашып, адамдарды жұмыспен қамтысаң – бұл да отансүйгіштіктің нақты көрінісі», — деп санайды халық қалаулысы.
Жастар арасында патриотизмді қалай «сәнді» етуге болады
Жарқынбек Амантайұлының ойынша, патриотизмді жастар арасында сәнге айналдыруды бос ұранмен іске асыруға болмайды.
«Бір кездері елімізді сынап, шетелде отырып жамандау сияқты теріс үрдіс пайда болды. Бірақ уақыт өте келе ол бәсеңдеді, себебі Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен жетістігі айқындала түсті. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда мемлекеттің жетістігі оның тұрақтылығымен бағалы екенін көзіміз жетіп жатыр. Қазақстан бүгінде тұрақтылық пен татулықтың ордасына айналып келеді. Осындай заманда ел экономикасы дамып, халықтың бірлігі күшейіп жатыр. Сондықтан патриотизмді жалған лозунгтармен емес, нақты жетістіктер мен салмақты дүниелер арқылы көрсетуіміз керек. Қазіргі жастардың көзі ашық, көкірегі ояу – шынайы құндылықты тез түсінеді», — дейді ол.
Сондай-ақ, депутаттың пікірінше, ұлттық мәдениетімізді әлемдік мәдениеттің аренасына шығару да патриотизм сезіміне жетелейді.
«Көбінесе өз ішіміздегі жетістіктерді мойындағаннан гөрі, сырттан біреу айтса, соған мән береміз. Бұл жасырын емес. Мысалы, ортамыздан шыққан Димаш Құдайберген мен Геннадий Головкин халықаралық аренада мәдениетіміз бен спортымыздың деңгейін көрсетті. Олардың жетістігі арқылы әлем халқы Қазақстанға қызығып, елімізге келіп ұлттық мәдениетімізді таныды. Сол сәттерде біз өзіміздің кім екенімізді, қандай таланттар барын көріп, шын мақтандық. Мұндай сезім – бір сәттік эйфория емес, тұрақты қалатын дүние. Мысалы, былтыр Көшпенділер ойындары да ұлттық ерекшелігімізді әлемге мойындатты. Өзіміз де соған сүйсіндік. Осындай оқиғалар әлеуметтік желілер арқылы миллиондаған адамға таралып, жастардың бойында Отанға деген құрмет пен мақтаныш сезімін оятады», — дейді Жарқынбек Амантайұлы.
