Ақмола облысының Щучинск қаласында ірі алаяқтық оқиғасы тіркелді. Пәтерін сатқан әйел алданып, 11,8 млн теңгесінен айырылды.
Полицияның мәліметінше, алаяқтар кең тараған «кибершабуыл» әдісін қолданған. Олар өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстырып, жәбірленушіні «шотыңыздағы ақшаны әлдекімдер алып қояйын деп жатыр» деп қорқытқан. Кейін «ақшаңызды қауіпсіз шоттарға салып қойыңыз» деп кеңес берген.
«Щучинск қаласының тұрғыны да осы кибералаяқтықтың құрбаны болды. Өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстырған алаяқтар әйелдің шотына шабуыл жасағанын, әлдекімдердің оның атына несие алғалы жатқанын айтып қорқытқан. Шоттағы ақшаны «құтқару» үшін алаяқтар оған дропперлердің шоттарын берген. Әйел әртүрлі терминалдан 32 операция жасап, ақшасын алаяқтар көрсеткен дропперлердің шотына аударған», — деп хабарлады полиция.
Алаяқтар кейін нөмірлерін бұғаттап, іздерін жасырған.

