Таразда қыз ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеодан бірнеше ер адамның қызды күштеп көлікке отырғызып, белгісіз жаққа алып кеткенін көруге болады.
Алдын ала ақпарат бойынша қызды некеге тұру үшін алып қашқан болуы мүмкін. Кейінірек қыз босатылды, ол ешқандай зиян шекпеген.
Жамбыл облыстық полиция департаменті әлеуметтік желіні бақылау кезінде қызды ұрлап кетті деген болжамды дерек анықталғанын хабарлады.
«Тараздағы автобус аялдамаларының бірінде қыздың ұрланғаны туралы болжамды ақпарат анықталды. Полиция бұл оқиға бойынша тергеу жүргізді, оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталды. Тараптар таныс болған және бір-біріне шағымы жоқ», — деп хабарлады департамент.
ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы «Адам ұрлау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтау және оқиғаға түпкілікті құқықтық баға беру үшін қосымша тергеу жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Еске сала кетейік, жақында Қылмыстық кодекстің 125-бабы бойынша жаза күшейтілді: енді адам ұрлағандар жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
