Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының елордалық 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті сақтау қызметін атқару кезінде жоғалған үш телефонды иесіне тауып берді, деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Сарыарқа ауданында жауынгерлік кезекшілік атқару кезінде сағат 23:15 шамасында әскери жасақ бастығы қатардағы Сұлтан Қуатов және патрульші сарбаздар Саят Дүйсенали мен Бекзат Сүйінтаев Ы.Дүкенұлы көшесіндегі №20 үйдің жанынан телефон тауып алған.
«Ұландықтар телефон иесін жылдам анықтап, кездесу орнын белгілеп, иесіне құрылғыны қайтарып берді. Тұрғын әскери қызметшілерге көрсеткен көмегі үшін шын жүректен алғысын білдірді», — деп жазылған хабарламада.
Сол күні Нұра ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген әскери жасақ бастығы Шыңғысхан Тыныштық пен патрульші жауынгер Нұраділ Көпжасаров жерден смартфон тауып алып, иесіне табыстады.
«Арада аз уақыт өткенде қызметте жүрген тағы бір әскери жасақ бастығы Санжар Сүйінбаев пен патрульші жауынгер Бақберген Боқай да Samsung A50 телефонын байқап қалған», — дейді полицейлер.
Бұл жолы да иесі жедел анықталып, құрылғы қайтарылды. Ер адам Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне кәсіби шеберліктері үшін алғыс білдірді.
