Қазақстанда магистратураға кешенді тестілеуге қатысуға өтінім қабылдау және докторантураға оқуға қажетті құжаттарды тапсыру 28 қазаннан басталады.
Өтінімдер app.testcenter.kz порталында онлайн қабылданады. Құжат қабылдау 10 қарашаға дейін жалғасады. Талапкерлер тіркелу барысында тест тапсыратын қаланы, тілді және білім беру бағдарламасы тобын өздері таңдайды. Бұл өзгерістерді құжат қабылдау аяқталғанға дейін ғана түзетуге мүмкіндік беріледі.
Министрліктің хабарлауынша, магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу қараша–желтоқсан айларында электронды форматта өтеді. Талапкерлер шет тілі бойынша тест, оқу-ғылыми дайындықты анықтау тесті және бейіндік пән бойынша тапсырма орындайды. Тестілеуге 3 сағат 55 минут уақыт беріледі. Білім беру бағдарламалары тобына сәйкес белгіленген өту балы — 75 балл.
Профильді магистратураға тапсырушылар тек бейіндік пән тестін тапсырады. Өту балы – 30 балл.
Докторантура талаптары
Докторантураға түсушілер алдымен жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясына құжат тапсырып, содан кейін ғана Ұлттық тестілеу орталығына тіркеледі. Оларға ҚАЗТЕСТ сертификатын және шет тілін меңгергенін растайтын құжат ұсыну міндеттеледі. TOEFL ITP сертификаты бар талапкерлер ағылшын тілінен қосымша тест тапсырады.
Докторантура бойынша кіріс емтихандары желтоқсан айында өтеді. Философия докторы (PhD) бағдарламасына қабылдау үшін талапкер кемінде 75 балл жинауы тиіс. Ал бейіндік және индустриялық PhD бағдарламалары бойынша өту балы — 50.
Тестілеу мен емтиханның өтетін орны мен уақыты туралы ақпарат талапкерлердің жеке кабинеттеріне 14 қарашада жарияланады.
