Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева тойларда ән айтпауының себебін түсіндірді. Әнші бұл туралы журналист Қанат Тілеухан жүргізетін YouTube-подкаста айтты.
«Мен үшін тойдың қуыршағы болмау маңызды»
Сұхбат кезінде Рымбаева қазіргі шоу-бизнестегі айырмашылықтарға тоқталды. Оның сөзінше, той әншілері көбіне халықты би билетіп, көңіл көтеруге бағытталады, ал оның өнердегі мақсаты басқа.
«Тойға шығатын әншілердің мақсаты — халықты билетіп, көңіл көтеру. Ал менің әндерім мен миссиям мүлде басқа. Мен үшін ең маңыздысы — тойдың қуыршағы болмай, нағыз әнші болу. Қазақ тыңдарманының музыкалық талғамын көтеру үшін еңбек етемін. Сол себепті мені тойға жиі шақырмайды. Бірақ оған өкпелемеймін», — деді халық әртісі.
Әнші концерттік сахнаға көбірек мән беретінін атап өтті.
Роза Рымбаеваның өнердегі ұстанымы
Рымбаеваның айтуынша, сапалы музыка әрқашан бірінші орында болуға тиіс. Сонымен қатар коммерциялық бағытқа емес, шығармашылыққа басымдық берген жөн.
«Ұлттық музыканың дамуында кәсіби өнер иелерінің рөлі жоғары», – дейді ол.
