Белгілі әзілкеш Қайрат Әділгерей гастрольдік сапарлардың бірінде болған қызықты оқиғаны баяндап берді.
«Көкшетауға гастрольдік сапармен бардық. Астанадан Әйгерім Қалаубаева ұшып келді. Ол жақта 2 концерт қойып, түнде он бір жарымда қайтатын болдық. Көкшетаудан Астанаға жетемін дегенше төрт жарым жағат. Әйгерім Астанадан таңертең жеті жарымда ұшуы керек. «Түн ортасында қайда барасың, Әйгерім? Біздің үйге жүр» дей салдық. Жігіттер де қоштай кетіп, «қонып кетесің» деп үйге ертіп бардық. Қалаубаева үйді көріп, тұрып қалды, сендер шынымен де осы жерде тұрып жатырсыңдар ма? деп сұрады. Ойымызда ештеңе жоқ, «иә, иә, осы жерде тұрып жатырмыз» деп қоямыз», — деп әңгімесін бастады әзілкеш.
Оның айтуынша, әнші кіреберіске сөмкесін қойып, орындықта бір жарым сағат қозғалмай отырған.
«Тіпті үйге кірген де жоқ. Өйткені ана жерде жататын жер жоқ. Ерболаттың бөлмесінде кемпірлердің киімі жайылып жатыр. Аманғалидың заттары шашылып жатыр. Асүйді айтпаса да түсінікті. Ине шаншар жер жоқ. «Бомждың» үйі сияқты ғой. Әйгерім жүр, шай ішейік десек, орнынан қимылдаған жоқ. Әйгерім неге олай отыр деп таңғалып қоямыз. Бір жарым сағаттан кейін такси шақырды да кетіп қалды. Уақыт өте келе түсіндік қой, ана үйге Әйгерімді алып бардық қой деп таңғалып жатамыз», — деп күлдірді Қайрат Әділгерей.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қайрат Әділгерей Аман Тасығанға берген сұхбатында өмірден өткен анасын еске алып, көзіне жас алған болатын. Ол мәпелеп өсірген анасының өмірден ерте кетіп, өзінің өнердегі жетістігін көре алмағанына өкініш білдірді.
