Журналист Әсел Қожақоваға сұхбат берген продюсер Баян Алагөзова өзі ашқан дағдарыс орталықтарында күнінде кемі елу әйел жататынын айтты. Жуырда продюсер Астана мен Шымкентте осындай орталық ашатынын мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Сұхбатында Баян Алагөзова көп жобаларды өзі үшін жасайтынын, ал, дағдарыс орталықтарын мұқтаж әйелдер үшін ашқанын айтты.
«Дағдарыс орталықтарын қиындыққа тап болған әйелдер үшін аштым. Өйткені олар соған мұқтаж. Кезінде өзім сондай қиын жағдайға тап болғанда, өз күшіммен еңсере алған едім. Мұндай орталықтар өте қажет. Онда күніне кемінде 40 әйел жатады: біреуі келеді, біреуі кетеді. Кейбір әйелдер алты айға дейін тұрады. Алып-қосқанда орталықтарда шамамен 50 әйел болады. Әрине, егер бұл орталықтар ешкімге керек болмаса, мен баяғыда жауып тастар едім. Бірақ мұнда адам аяғы ешқашан үзілмейді. Екі айдан кейін Шымкентте жаңа орталық ашамын. Кейін Астанада ашу жоспарда бар. Шымкент – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың эпицентрі. Менің ойымша, қаңтар айында оны іске қосамыз», — деді Баян Алагөзова.
Журналист ол орталықтағы әйелдер қандай көмек алатынын сұрады.
«Кейбір әйелдер күйеуіне қайта қосылады. Әрине, ешкімді ажырасуға күштей алмаймыз. Орталыққа түскен әйелдерді алдымен дәрігер тексереді. Содан кейін құқық қорғау органдары арыз қабылдайды. Онда психолог, психиатр, тәрбиеші және логопед жұмыс істейді. Күн сайын әйелдерге өздерін қорғауды үйретеміз. Кейбір әйелдерге жаңа мамандық меңгертуге көмектесеміз. Балаларына памперстен бастап, тамағына дейін қамтамасыз етеміз. Егер балада аллергия болса, тамақты өзгертеміз. Орталықта терапевт те, педиатр да бар. Сондықтан бізге келген әйел алты ай бойы “не ішемін, не киемін” деп уайымдамай, өз мәселесін шешуге мүмкіндік алады. Кейбір әйелдер күйеуінің уәдесіне сеніп, қайта қосылады. Кейбірі біраз уақыттан соң қайта оралады. Мен тіпті аузында бір де бір тісі қалмаған әйелді көрдім. «Тістеріңіз қайда?» десем, «күйеуім он жыл ішінде бәрін сындырып тастады» дейді. Сондай зорлыққа шыдап келген әйелдер де бар. Мұндай жағдайда психологтар олармен жеке жұмыс істейді», — дейді продюсер.
«Әйелдер бұндай қорлыққа неге шыдайды?» деген сұраққа жауап берген Баян Алагөзова бірнеше ойын айтты.
«Менің ойымша, ең бірінші себеп – жалғыз қалудан қорқу. Екіншісі – бала. Әйелдер болашағын ойламай, үш-төрт, тіпті бес-алты бала туа береді. Сондай-ақ, кейбір әйелдердің мінезі де ерекше: кейде олар күйеуін ұруға әдейі итермелейді, өйткені оның артынан «тәтті татуласу» болады деп ойлайды. Үшіншіден, көп әйелдің өз табысы жоқ», — дейді ол.
