Астана қаласының ардагері, 70 жастағы зейнеткер Ұлмекен Смайылова скандинавиялық серуендеу арқылы денсаулығын жақсартып жүргенін айтты.
«Адам өмірінің денсаулығын жақсарту немесе сол қалпында сақтау үшін спорттың маңызы орасан зор. Мен өзім жастайымнан спортты сүйіп өстім. Қазір де күн сайын қатысуға тырысамын», – дейді ол.
Ұлмекен апа скандинавиялық жүріс тобына осы жылдың ақпан айында қосылған. Қазір ол он айдан бері тұрақты түрде қатысып жүр.
«Өмір деген қозғалыс, күрес дейді ғой. Егер бір күн жаттығуға келмей қалсам, өзімді бірдеңеден айырылғандай сезінемін. Таңертең ерте серуенге шығып, дене жаттығуларын жасаймыз. Біздің инструкторымыз Туғанай Көшенұлының арқасында көп жаңа жаттығуларды үйрендік», – дейді зейнеткер.
Оның айтуынша, қазіргі жастардың спортқа деген қызығушылығы жоғары.

«Мен осы орталыққа келгеннен бері көп жас азаматтың өз бетімен спорттық топтар құрып, белсенділік танытып жүргенін көрдім. Бұл қуантатын жағдай. Жастарымыз өте жақсы, ширақ әрі үлгі боларлық», – деп ризашылығын білдірді Ұлмекен Смаилова.
Ұлмекен апаның айтуынша, Қазақстанда бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау бағытында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
«Қазір халықтың салауатты өмірге деген көзқарасы өте жоғары. Үкімет тарапынан да қолдау бар. Мұндай бастамалар – еліміздің дені сау болашағына салынған инвестиция», – дейді ол.
Биыл президент Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударылды. Мемлекет басшысы шетелдік спортшыларға бюджет есебінен қолдау көрсетуді шектеу туралы қабылданған заңды еске сала отырып, бұл бағытта одан әрі ілгерілеу қажеттігін атап өтті. Аймақтарда жаңа спорт нысандары салынып, балаларға арналған секцияларға қолжетімділік артып келеді. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен егде жастағылар үшін арнайы спорт клубтары ашылмақ. Бұл – инклюзивті қоғам қалыптастырудағы маңызды қадам.
