Жамбыл облысындағы жайылымдарды тып-типыл қылған есектер енді аштан қырыла бастады, деп хабарлайды КТК-ға сілтеме жасап.
Қала іргесіндегі Байзақ және Талас ауданының тұрғындарының айтуынша, айнала өлексеге толған. Тіпті бірнеше аудан халқы су ішетін Талас өзені де есектің моласына айналды деп дабыл қағуда.
Жайылымы тарылып жыларман хәлге түскен ауыл тұрғындары екі жылдан бері «есекке есеміз кетті» дейді. Өйткені жылқылар тақыр жерге қыста тебіндей алмай қалған. Малдың қысқы шөбін үйге жинауға көшкен жұрт биліктен көмек сұрап отыр.
«Жайылымда жусанның шөгірінен басқа ештеңе қалған жоқ. Ауылдың малы арық. Қиын жағдай, жем-шөп те қымбат. Жалпы шаруашылыққа үлкен нұқсан келіп жатыр. Талас өзені жағалауын қу тақырға айналдырған сансыз есек енді орман шаруашылығының жеріне ауыз сала бастаған. Біз тұрған жер ауыл малының қысқы азығын дайындайтын шабындық жері болатын. Қазір бұл маңда есектің тезегінен аяқ алып жүре алмайсың», — дейді Қазтұрған Болысбаев.
Есек жайлаған бірнеше ауылдың тұрғындары білгісіз себептен әр жерде өліп жатқан жануарлар «ауру тарата ма» деп қорқып отыр. Ал осы өзеннен малы су ішіп отырған Талас ауданының тұрғындары тіршілік нәрін ластауға жол бергендер жауапқа тартылсын дейді.
«Малының бәрі сыртта жатыр, қораның ішінде есек жоқ. Сол есектер мынау төменгі Бостандық савхозына дейін, бізге дейін жайылып келіп жатыр. Қыста біздің малымыз не жейді? Қу тақырдан малымызды қырып алмаймыз ба?», — деп ашынды Жаңабай Есімов.
Аудан әкімі есек бағуға есі кеткен кәсіпкерге сөз өтпейтінін айтып налыды. Ол екі жылдан бері есекті «елсіз мекенге әкетемін» деген уәдісін сол күйі орындамаған.
«Бізде бәрібір сенім жоқ. Әр хабарласқан сайын 20 күнде алып кетемін, 30 күнде алып кетемін дейді. Бірақ алып кетпейді. Құзырлы органға да, инспекцияға да, ветеринария қызметіне де бердік, негізгі құзырет соларда», — дейді Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев.
Ал осы салаға жауапты облыс әкімінің орынбасары есекті алып кету үшін министрліктен көмек сұрап отырғанын айтады. Қазір мұң болған мәселені шешу бағытында Қытаймен келіссөз жүріп жатқан көрінеді.
«Біз былтырдан бері ауыл шаруашылығы минстірлігіне жасыл дәліз ашып беру рұқсатын күтіп отырмыз. Яғни олар Қытай тарапымен келіседі. Келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қытаймен келісу оңай емес. Қазір чипталды, базада тұр. Қытай тарапы жасыл дәлізді ашқан кезде ол есектердің бәрін әкету туралы талап қойып отырмыз», — деп түсіндірді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Тамабек Әбілхайыр.
Ауыл тұрғындары аумағы ат шаптырым жерді жалға алып, есектерін қараусыз жіберген кәсіпкерге ешқандай шектеу қоя алмай отырған әкімдікке өкпелі. Олар шаруашылыққа жүк көліктерімен әлі де есектер алып келіп жатқанын айтып отыр. Ал бұл салаға жауапты әкімдік өкілдері жасыл дәлізге рұқсат алудан басқа амал жоқ дейді.