Еліміздің саяси алаңында маңызды өзгеріс орын алды. «AMANAT» партиясының мүшелері «Әділет» партиясымен бірігетінін мәлімдейді, деп хабарлайды SteppeNews.kz, Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме беріп.
Бірігудің басты мақсаты — ел мүддесі
«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың пікірінше, партия өз тарихындағы кезекті жаңа кезеңге қадам басып отыр. Ол мемлекет мүддесі мен қоғам сұранысын ескере отырып, «Өзгеріс өзімізден басталады» қағидатына сай шешім қабылдау уақыты келгенін атап өтті.
«Бүгінде біз жаңа даму бағытына бет бұрып, Мемлекет басшысының бірлік пен ынтымаққа шақыруын негізге ала отырып, тарихымыздың жаңа бетін ашуға батылдық танытуымыз керек. Елге қазір жаңа бөліну сызықтары емес, керісінше, біріктіретін жаңа тұғырлар ауадай қажет. Осы жауапты сәтте ресурстарымызды жаңа саяси «Әділет» партиясымен біріктіруді жөн көрдік», – деді Ерлан Қошанов.
Партия мүшелері мен депутаттар бұл бастаманы толық қолдауда. Депутат Ерлан Саировтың айтуынша, бұл процесс корпоративтік мүдде емес, мемлекеттік мүдденің үстемдігін білдіреді. Оның сөзінше, 1-ші шілдеден бастап Қазақстан жаңа саяси дәуірге қадам басады, бұл кезең жаңа саяси күштер мен тың идеяларды талап етеді.
Айта кетейік, партия өз тарихында бірнеше рет трансформациядан өткен. 1999 жылы «Отан» республикалық саяси партиясы ретінде құрылған ұйым, кейіннен «Асар», Азаматтық және Аграрлық партияларды қосып алып, «Нұр Отан» атауына ие болды. 2022 жылы «Nur Otan» партиясы «AMANAT» деп өзгертіліп, Ерлан Қошанов партия төрағасы болып сайланған болатын. Сол жылы партия қатарына ADAL партиясы да қосылған еді.
