Мьянма қайда орналасқан?
Мьянма – Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан тарихы және мәдениеті бай мемлекет. 1989 жылға дейін Бирма деп аталып келді. Тәуелсіздігін 1948 жылы жариялаған, оған дейін Ұлыбритания колониясы болды. Оның аумағы 676 мың шаршы шақырымнан асады, халқы 55 миллионнан жоғары.

Мьянма батысында Үндістан және Бангладешпен шектеседі. Сондай-ақ Қытай, Лаос, Тайландпен шекарасы бар.
Географиялық тұрғыдан Үнді мұхитына шыға алатын маңызды мемлекет саналатын бұл ел стратегиялық тұрғыдан да, экономикалық әлеует тұрғысынан да ерекше маңызға ие.

Елді кім басқарады?
Мьянма — қазіргі таңда әскери басқару үстем болып отырған мемлекеттердің бірі. 2021 жылы елде әскери төңкеріс жасалып, билік әскерилердің қолына өтті. Осыдан кейін Мемлекеттік әкімшілік кеңес құрылып, оның төрағасы Мин Аун Хлайн мемлекет басшысы міндетін атқарып келеді.
Мьянмадағы саяси жағдай соңғы жылдары күрделі десек болады. Азаматтық үкімет пен әскери билік арасындағы шиеленіс қоғамда тұрақсыздық тудырып отыр. Бұл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етеді. Сонымен қатар, Биыл көктемде Мьянмада күшті жер сілкінісі болып, 5300-ден астам адам көз жұмды, инфрақұрылымға елеулі зиян келді.

Экономикасының негізін не құрайды?
Мьянма дамушы елдер қатарына кіреді. Экономикалық тұрғыдан кедей елдердің бірі саналады. Дүниежүзілік банк «табысы төмен» экономика деп баға берген. 2024 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 67,4 млрд АҚШ доллары болған. Жан басына шаққанда 1179 доллардан келеді.

Дегенмен Мьянма табиғи ресурстарға аса бай. Мұнда мұнай мен газдың ірі қорлары, бағалы тастар (әсіресе жақұт) мен минералды шикізаттың мол қоры бар. Сондай-ақ елдің ауыл шаруашылығы жақсы дамыған: күріш, бұршақ, мақта және басқа да дақылдар негізгі экспорттық өнімдердің қатарында. Осы ерекшеліктер Қазақстан үшін Мьянманы Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ықпалды әрі пайдалы серіктес ретінде көрсетеді.
Қазақстан мен Мьянма арасындағы дипломатиялық қатынас қашан орнады?
Қазақстан мен Мьянма арасындағы дипломатиялық қатынастар 1999 жылы орнады. Дегенмен географиялық қашықтық және Мьянманың ұзақ уақыт бойы халықаралық оқшаулануда болуы себепті қарым-қатынастар баяу дамыды. Тек соңғы жылдары жаңа мүмкіндіктер пайда бола бастады. Мьянманың сыртқы саясаттағы ашықтыққа қадамдары мен Қазақстанның Азия бағытындағы бастамалары екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға негіз қалап отыр.
2014 жылы 15 мамырда Мьянма Сыртқы істер министрі «сауда және инвестиция саласында Қазақстанмен тығыз әріптестік орнатуға мүдделі» екенін мәлімдеген болатын. Қазақстан елшісімен кездесу барысында тараптар Қазақстан-Мьянма ынтымақтастығының жай-күйі мен болашағын талқылап, өңірлік және халықаралық өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша пікір алмасты.

2025 жылғы 8 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу қаласында Мьянма Премьер-министрі Мин Аун Хлайнмен кездесті. Қазақстан Президенті екі мемлекет әрқашан өзара құрмет пен сенімге негізделген достық қарым-қатынастарды сақтап келе жатқанын атап өтті.
Мин Аун Хлайн деген кім?
Мин Аун Хлайн — Мьянманың қазіргі көшбасшысы, саяси және әскери қайраткер, армияның аға генералы, Мьянма Қарулы күштерінің бас қолбасшысы.

Ол 1956 жылы 3 шілдеде дүниеге келген. 2011 жылы Мьянма Қарулы күштерінің жаңа бас қолбасшысы болды. Мин Аун Хлайн билікке 2021 жылы әскери төңкеріс нәтижесінде келді.
2021 жылдың 1 тамызында Мьянманың уақытша үкіметі құрылып, Мин Аун Хлайн премьер-министр болды. 2024 жылғы шілдеден бері президенттің міндетін атқарушы.
P.S. Мин Аун Хлайннің сапары Қазақстан мен Мьянма арасындағы байланыстарды тереңдетуге, сауда-экономикалық және саяси ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды кезең болып саналады. Бұл оқиға Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ықпалды серіктестермен қарым-қатынасын нығайту стратегиясына сәйкес келеді және екіжақты ынтымақтастықты жаңа белеске көтеруі ықтимал.