Оқушы жыбырлаған дернәсілдерді видеоға түсірген. Әлеуметтік желіде кең тарап кеткен бейне жазба облыс тұрғындарының ашу-ызасын тудырды. Кадрларда мектеп нан өнімдерінің ішінде бір нәрсенің қозғалып жатқаны анық көрінеді. Instagram желісіндегі видеоға ашуланған халық тез арада тергеу жүргізуді талап етті.
Мектеп оқушыларының ата-аналары жергілікті билікке хабарласып, түсініктеме беруді талап етті.
Көксу аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Күзбаев жағдайға қатысты пікір білдірді.
— Жарияланған бейнежазбадан хабардармыз. Мектептің ата-аналар комитетімен бірлесіп тексеру жүргізіліп жатыр. Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөліміне ресми сауал жолданды. Санитарлық тексеріс қорытындысы бойынша мектеп асханасын жалға алушыға ҚР заңнамасына сәйкес шара қолданылады, — деді бөлім басшысы.
Тексеру нәтижесі әлі жарияланбады. Аудан тұрғындарының алаңдаушылығы артып келеді. Егер мектеп асханасы шынымен де санитарлық талаптарды өрескел бұзса, бұл білім беру ұйымдарындағы тамақтандыру жүйесі үшін дабыл болмақ.
Бұған дейін Алматыдағы мектеп асханасында санитарлық нормалар сақталмағаны үшін директор жазаланды.