— Шұға Сәдуақасованы ҚР Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі 1,4- тармақтарында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік сектер субьектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын. Сонымен қатар сотталушының жазасын өтеу орнын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесі деп білгілеуді сұраймын. Сотталушыға қолданылған ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық бұлтартпау шарасын күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына өзгертіп, сот залынан қамауға алуды сұраймын, — деді прокурор.
Сонымен бірге сотталушыдан жәбірленушілердің өтемақы қорына 20 АЕК мөлшерінде, яғни 78 640 теңге мәжбүрлеп өндіруді сұрады. Ал заттай дәлелдемелерді, оның ішінде Шұға Сәдуақасованың құрбысының есепшотындағы 5 млн теңге өсімпұлымен бірге өндірілуі мүмкін.
— Сонымен бірге Ш. Сәдуақасованың тергеу органдарына өз еркімен ұсынған 6 500 000 теңге ақшаны мемлекет меншігіне қалдыруды, қалған 2 250 000 теңгені сотталушыдан өндіруді сұраймын. Аудан әкімінің қарамағында екі қылмыстық іс болды. «Пара алу» бабы бойынша екі мемлекеттік қызметші жауапқа тартылды. Үшінші қызметкер жауапқа тартылып жатыр. Сондықтан да Ақтөбе облысының әкімдігіне назарын аудару үшін жеке қаулы шығаруды сұраймын, — деді прокурор.
Еске салсақ Шалқар ауданы әкімінің орынбасары Бектұрған Зайрымбет пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Алтынбай Беркімбаев 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуі де алған ақшасын кері қайтарады.
Айтып өтейік, Шұға Сәдуақасова екі мердігерден миллиондап пара алғаны үшін айыпталып жатыр. Бірі су желілерін қайта жаңғырту, екіншісі тұрғын үйге инженерлік инфрақұрылым тарту жобаларының мердігері. Бірақ сотталушының өзі сот отырысында ақшаны әкімге бергенін айтты.