Іс-шарада кәсіби менеджерлер тапшылығы мен мемлекеттік тілде сапалы бизнес-білім берудің маңызы талқыланды.
META Университетінің базасында құрылған MBA бағдарламасының негізгі мақсаты – заманауи топ-менеджерлерді дайындау және белгілі бір деңгейге жетіп, әрі қарай кәсібін дамыта алмай отырған кәсіп иелеріне арнайы білім беру.

Бизнес мектеп директоры Мақсат Халықтың айтуынша, іскерлік ортадағы белсенділіктің артуы экономикалық өсімге де тікелей әсер етеді.
– Бұған дейін Қазақстанда MBA бағдарламасы тек орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілген. Соңғы үш жылда қазақ тілінде оқытуды қолға алдық. Бұл – ұлттық рухы бар, заманауи ойлайтын, қазақ тілінде еркін сөйлейтін кәсіпкерлерді көбейтуге бағытталған жоба. Оған қоса бизнес-контенттің қазақшалануы ғылымның да қазақшалануына жол ашады, өйткені бизнес ғылымға деген сұранысты тудырады, – деді ол.
Бағдарламаға қатысу үшін тыңдаушыға кем дегенде екі жыл басқарушылық тәжірибесінің немесе жеке кәсіп жүргізу тәжірибесінің болуы талабы қойылады.

Дәрістерді қазақ тілінде беру үшін тәжірибелі мамандар, «Болашақ» түлектері тартылып, ағылшын тіліндегі түпнұсқа материалдар тікелей қазақшаға аударылып ұсвнылуда.
Алдағы уақытта Орта Азияда білікті менеджерлерге деген сұраныс арта түседі. Қазақстанда, әсіресе, антикризистік менеджмент пен тәуекелдерді басқару саласында білікті мамандарға сұраныс жоғары.
– Соңғы жылдардағы төтенше жағдайлар – су тасқыны, өрт, әлемдік тұрақсыздықтар антикризистік менеджерлердің маңызын көрсетті. Бұл білімдерді білмеу миллиондаған шығынға әкелуі мүмкін. Басты артықшылығымыз – білім қазақша беріледі, – деді Мақсат Халық.
Айта кетелік, 2026 жылдан бастап шағын бизнеске салық мөлшерлемесі 2%-ға дейін төмендейді.