Бүгін футболдан Бірінші лигада ХХІІІ турында ақтаулық клуб өз алаңында «Ақтөбе-2» командасын қабылдады. Кездесу барысында олар қарсылас қақпасына үш гол соқты. Оны Бақдәулет Көңлімқос 35, Берік Айтбаев 48, Әлихан Серікбай 92-минутта өзінің еншісіне жазды. Оған ақтөбелік клуб бір голмен жауап қайырды.
Нәтижесінде «Каспий» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті.
Осылайша «Каспий» турнир кестесінле 59 ұпаймен бірінші орында тұр. Нәтижесінде олар Премьер-лига жолдамасын үш тур бұрын қалтаға басып үлгерді.
Сондай-ақ бүгін өскемендік «Алтай» өз алаңында алматылық «Хан тәңірі» командасын 3:0 есебімен жеңсе, Түркістан облысының «Жетісайы» (Түркістан облысы) алматылық AKAS клубын 2:1 есебімен сүріндірді.
Бұл турды «Тараз» бен «Қайрат-2» (Алматы) командалары түйіндейді.
Айта кетсек, 25 қыркүйекте Павлодардың «Ертісі» астаналық «SD Family» командасын 7:2 есебімен қапы қалдырса, Шымкенттің «Академия Оңтүстігі» қарағандылық «Шахтерге» 0:2, «Түркістан» Павлодар облысының «Екібастұзына» 1:2 есебімен есе жіберді.
Турнир кестесінде алғашқы үш орынға ие болған командалар алдағы жылы Премьер-лигаға қатысу үшін тікелей жолдамаға қол жеткізеді. Биыл «Шахтер», «Ертіс», «Каспий» командалары үздіктер қатарында болады деп болжанып отыр.