Аталған Хаттамаға 2023 жылғы 25 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында Еуразиялық экономикалық одақтың мүше мемлекеттер басшылары қол қойды.
— Оның мақсаты — соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетіп отырған сыртқы электрондық сауданы құқықтық реттеу. Мәселен, 2024 жылы Қазақстан Республикасындағы электрондық сауда көлемі 3,2 трлн теңге.
Сонымен қатар, Хаттаманы Еуразиялық экономикалық одақтың барлық мемлекеттері — Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения ратификациялады. Хаттамада қамтылған негізгі өзгерістерге тоқталсақ, электронды сауда тауарлары, яғни шетелдік интернет-платформалардан жеке тұлғалардың атына халықаралық пошталық жөнелтілімдер арқылы жіберілетін тауарларды бөлек санатқа шығару ескерілген, — деді сенатор Бекбол Орынбасаров.
Құжат аясында электрондық сауда тауарларын жеткізуді жүзеге асыратын пошта операторы — «электронды сауда операторы» ұғымын енгізу қарастырылған.
Мұнымен қоса, кедендік декларацияның жаңа түрін — электрондық сауда декларациясын енгізе отырып, электронды сауда тауарларының барлық көлемін кедендік декларациялау көзделген.
— Қазіргі кезде қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шетелдік интернет-дүкендерден жеке тұлғаларға келетін тауарлар жеке пайдалану тауарлары ретінде саналады. Бажсыз әкелу нормасынан (200 еуро немесе 31 кг) асқан жағдайда ғана декларацияланады. Бұл кезде жеке тұлғалар өз бетінше құжат тапсырып, тауар құнының 15%-ы мөлшерінде жиынтық кедендік төлем төлейді, яғни норма шегінде әкелінген тауарлар декларацияланбайды және ресми статистикаға енгізілмейді. Хаттама бойынша электронды сауда тауарларының толық көлемі міндетті түрде декларацияланатын болады. Бұл нақты статистика жасауға мүмкіндік береді. Декларацияны оператор да, тауар алушының өзі де таңдауына қарай тапсыра алады, — деді депутат.
2021 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде электрондық сауда тауарларын ресімдеу бойынша пилоттық жоба жүргізіліп жатыр. Қазақстанда операторлар ретінде «Қазпошта» АҚ және «DHL International Kazakhstan» ЖШС қатысып отыр. Болашақта логистика мен кеден органдарымен жұмыс тәжірибесі бар басқа компаниялар да оператор бола алады.
— Аталған Хаттаманы қабылдау электрондық сауда саласындағы кедендік рәсімдерді ретке келтіреді, нақты әрі толық статистика қалыптастыруға мүмкіндік береді, нарық қатысушылары үшін тең жағдай жасайды, сондай-ақ кедендік төлемдерді әкімшілендіру тиімділігін арттырады, — деді Бекбол Орынбасаров.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ЕАЭО жүк тасымалын бақылау үшін навигациялық пломбалар қолдануды бастайды.