Шаһар тұрғындары арасында кеңінен танымал шағын кемелер 29 қыркүйектен бастап жұмысын тоқтатады. Маусымның аяқталуы ауа райының қолайсыздығына және кемелерді қысқы кезеңге дайындауға байланысты болып отыр.
– Шағын кемелер тек жылы күндерде жолаушы тасымалдай алады. Ал суық түскен кезде тоқтап, техникалық қызметтерге жеткізіледі, – деп хабарлады кемелерге иелік ететін «Белалекс» компаниясынан.
Айта кетейік, Сол жағалау саябағына қарай қатынайтын маршрут 11 қыркүйектен бері жабылған. Ал қайықтарды жалға беру қызметі одан да ерте тоқтаған. Компания өкілдерінің айтуынша, биылғы маусымда жолаушы тұрақты болды. Әсіресе жаз айларында кемемен қыдырыстауға ниет білдірушілер саны артқан.
– Өскеменде өзен көлігіне сұраныс жоғары. Қала тұрғындары мен қонақтары өзенмен серуендеуді ұнатады. Көбісі этнопаркке жету немесе жай ғана Ертіспен қыдыру үшін арнайы трамвайларды таңдайды, – деді «Белалекс» компаниясының өкілдері.
Шағын кемелер келесі көктемде бұрынғы форматта қайта жұмысын бастайды.
Еске салсақ, бұған дейін Ұлықбек Тұмашинов Шығыс Қазақстанда туризмді дамытуға кедергі келтіретін мәселелерді атағаны хабарланған.