Қазақстанның Wabtec-тен 4,2 млрд долларға локомотивтер сатып алуы Астананың көп векторлы стратегиясының сыртқы саясаттан тыс және коммерциялық байланыстарға қалай таралып отырғанын көрсетеді. Мұндай пікірді «Henry Jackson Society» қоғамдық бірлестігінің ғылыми қызметкері Даррен Спинк білдірді.
— Астана америкалық компаниямен жұмыс істей отырып, екі ірі көршілері Қытай және Ресеймен қатар Батыспен экономикалық серіктестіктерін әртараптандырып жатыр. «Қазақстан темір жолының» аралас флот бойынша тәсілі Қазақстанның ұлттық темір жолының америкалық технологиялар мен сервиске сүйенуін қамтамасыз етеді, бұл бір сыртқы жеткізушіге тәуелділік қаупін азайтады. Бұл мәміле сондай-ақ Қазақстанды қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейтіп, Орта дәліздің теміржол жүйесін нығайту үшін АҚШ-тың тереңірек ынтымақтастығы үшін перспективалы мүмкіндіктерді көрсетеді, — деп мәлімдеді Спинк.
Халықаралық салық және инвестиция орталығының энергетика, экономикалық өсу және қауіпсіздік бағдарламасы директорының орынбасары Уэсли Александр Хилдің айтуынша, келісімшарт Орта дәлізді одан әрі дамытуға жол ашып отыр.
— Мәміле тек Қазақстан-Америка қарым-қатынасы үшін ғана емес, сонымен қатар Орта дәліздің келешегі үшін де үлкен серпіліс. Бұл логистикалық келісім, ол экономиканың сыртқы факторларын болдырмайтындықтан өнеркәсіптің барлық түрлеріне кейінгі инвестицияларды айтарлықтай жеңілдетеді, — деп атап өтті ол.
Уэсли Александр Хилл сондай-ақ Трамптың Truth Social әлеуметтік желісіндегі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ірі келісімге қол қоюымен құттықтаған жазбасын ерекше атап өтті.
Сарапшының айтуынша, Ақ үй басшысы келісімнің екі тарап үшін маңыздылығына тоқталып, кең көлемде құттықтау мәлімдеме жасаған.
Бұған дейін саясаттанушы, халықаралық коммуникациялар сарапшысы Азамат Байғалиев те президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп арасындағы әңгімеге ерекше тоқталғанын жазған болатынбыз.
— Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент Дональд Трамппен әңгімесі – бөлек плюс. Жаһандық саясаттың кіл серкелері АҚШ-та жиналып жатқан уақытта мұндай келіссөзді ұйымдастыру ең қиыны болып тұр. Мұндағы ең маңызды сәттің бірі – әңгіменің өзі, ол барлық америкалық бизнеске Ақ үйдің Қазақстанмен ынтымақтастықты қолдайтыны туралы белгі. АҚШ-тың қазіргі тарихында саясат бұрын-соңды америкалық корпорациялардың көңіл күйіне мұндай әсер етпеген болар, — деді саясаттанушы.
Азамат Байғалиевтің атап өтуінше, Мемлекет басшысының Нью-Йорктегі биылғы сапарындағы кездесулері Қазақстанның, Президенттің өзінің Еуразия аумағында рөлі нығайып келе жатқанын танытып отыр. Екі ел басшыларының кездесуі Қазақстан әлемдік орталықтардың бәрімен — АҚШ-пен де, Қытаймен де, еуропамен де, араб әлемімен де бірдей байланыс ұстай беретінін көрсетті.
Еске сала кетсек, АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанның Мемлекет басшысын тарихи келісіммен құттықтады. Бұл туралы Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.