Биыл бұл алаңға еліміздің барлық өңірінің және Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжан мен Өзбекстан мемлекетінің жастары жиналды.
Екі күндік форумның жабылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов қатысып, жастардың талпынысына жоғары баға беріп, алдағы бастамаларына сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол форумның сәтті өтуіне кәсіби тұрғыда үлес қосқан спикерлерге аймақ басшысының Алғыс хатын табыстады.

Форум бағдарламасында панельдік пікірталастар, секциялық кездесулер мен шеберлік сабақтары қамтылып, жастар әртүрлі бағыт бойынша кәсіби спикерлерден дәріс алды. Атап айтсақ, жасанды интеллект, маркетинг, музыка, кинемотография және театр мен хореография бағыттары қамтылып, жастарға жаңа білім мен дағдыларды меңгеріп, өз қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік берілді.

Қорытынды кеште осы бағыттар бойынша өткен байқау жеңімпаздары марапатталып, үздік танылған 6 жас 500 000 теңгеден қаржылай сыйақыға ие болды. Олар: хореография бағыты бойынша Бағыт Бисембай, маркетинг — Әнуарбек Мағзомов, музыка — Махамбет Әбілов, кинематография — Нұрпейіс Адилов, жасанды интеллект — Еркебұлан Балғабеков және театр бағытында Қуанышбек Айсағали.
Сонымен қатар, форумның алғашқы күні өңірдің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында спикерлер мен қатысушылар тарихи Сарайшық қалашығына экскурсия жасады.

Осы жылы форумға қатысу үшін жастардан 997 өтінім түсті. Бұл жастардың қызығушылығын және даму мен білімге деген талпынысының дәлелі.
Бүгінде «Saraishyq Upgrade» форумы — халықаралық деңгейде тәжірибе алмасып, елдер арасындағы ынтымақтастықты дамытудың ерекше алаңына айналды. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған форум Атыраудың тарихи-мәдени әлеуетін танытып қана қоймай, жастардың өзара тәжірибе алмасуына, жаңа бастамаларын жүзеге асыруына және жаһандық даму үрдістеріне белсенді қатысуына мүмкіндік беріп отыр.
Форумды Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Жастар таңдауы — Атырау» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Мақсаты — креативті индустрияны дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған халықаралық жастар алаңын құру.
Айта кетейік, «Saraishyq Upgrade» халықаралық жастар форумы Атырау қаласында алғаш рет 2017 жылы өткізілді. Биыл форум төртінші рет өтті.