Кей ықшамаудандарда су бір тәуліктен астам уақыт бойы берілмей тұр.
– Гете көшесіндегі үйлерде су краннан әрең ағады. Су тоқтатылардың алдында-ақ қысым азая бастаған еді. Қайта қосылғаннан кейін мүлде нашарлап кетті, – дейді қала тұрғындары.
Тұрғындардың айтуларынша, 35 шағынауданда су мүлде жоқ. Бұған қатысты коммуналдық кәсіпорыннан түсініктеме берді.
– Құбырлар мен ауызсу жүйелері жылына екі рет жуылып, дезинфекцияланады. Соның барысында құбырлардың ішіндегі тот, май қалдықтары тазаланып, жылыту маусымына дайындық жасалады. Дезинфекциялау үшін құрамында хлоры бар ерітінді пайдаланылады. Ол құбырларда 24 сағат бойы сақталады, – деп хабарлады «Семей Водоканал» КМК-дан.
Кәсіпорын мәліметінше, қазір оң жағалаудағы барлық үйге су берілген. Алайда жекелеген үйлер мен кей шағынаудандарда су қысымының әлсіздігі байқалып отыр.
– Мұндай жағдайларда біздің мамандар мекенжайлар бойынша барып, ақауларды анықтап, мәселені шешумен айналысады. Жағдай бақылауда, – деді «Семей Водоканал» КМК қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Талғат Мадияров.
Еске салсақ, бұған дейін Семейде су құбырларына дезинфекциялау жұмыстары жүргізілетіндігіне байланысты барлық мектепте сабақ қашықтан өткендігі хабарланған.