БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашевтің мәлім еткеніндей, әр гектарға 12,8 центнерден келіп, 365 мың тонна астық жиналды.
Рүстем Мүлкәйұлының сөзіне қарағанда, биыл 137 мың гектарға майлы дақылдар егілсе, соның орылған 85 мың гектары немесе 63 пайызынан 68,3 мың тонна өнім түсті. Әр гектарға 8,1 центнерден айналып отыр.
— Сонымен қатар 14,8 мың тонна картоп, 19 мың тонна көкөніс, 21 мың тонна бақша өнімдері алынды. Қазіргі таңда егін ору жұмыстары жалғасып жатыр, — деді Р.Зұлқашев.
Оның айтуынша, егіс құрылымын әртараптандыру аясында бидай алқабы 187 мың гектар болса, майлы дақылдар 35 мыңға көбейтіліп, 137 мың гектарға жетті. Сол секілді мал азықтық дақылдар 8,9 мың гектарға ұлғайтылып, 208,8 мың гектар болды.
Биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге күзгі далалық жұмыстарды атқару үшін 11,8 мың тонна (шілдеде — 3,1 мың, тамызда — 3,9 мың, қыркүйекте — 4,3 мың, қазанда — 0,5 мың тонна) арзандатылған дизель отыны бөлінді.
— Бұл ретте Атырау мұнай өңдеу зауытынан жеткізуші-оператор ретінде «Neftek Operating» ЖШС анықталып, Орал қаласындағы мұнай базасынан дизель отынын жіберу бағасы литріне 242 теңге болып бекітілді. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы құрылымдарымен 10,1 мың тонна дизель отынына келісім-шарт жасалып, соның 4,9 мың тоннасы сатып алынды. Күзгі дала жұмыстарына 5 312 трактор, 911 комбайн, 3 711 тіркеме және өзге де техникалар тартылған, — деді басқарма басшысының орынбасары.
Ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне сәйкес арнайы лицензиясы бар 8 астық қабылдау кәсіпорны Бәйтерек, Бөрлі, Теректі, Тасқала, Шыңғырлау аудандары мен Орал қаласының аумағында орналасқан.
Егін орағы басталар алдында астық қабылдау кәсіпорындары аумақты тазарту, қоймаларды өңдеу (газация) жұмыстарын жүргізді, сондай-ақ автомобиль және вагон таразыларын жыл сайынғы метрологиялық тексеруден және зертхана жабдықтарын тиісті бағалаудан өткізуді аяқтады. Осы кәсіпорындардың жалпы сыйымдылығы — 586 мың тонна. Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінде шаруашылық жанындағы астық қоймалары бар.
— Күні бүгін облыстағы астық қабылдау кәсіпорындарында 120 мың тонна астық сақталуда. Аталмыш кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеуде. Оған қоса алдағы жылдың қамы үшін 79 мың гектар алқапқа күздік дәнді дақылдар егілді, — деді Р.Зұлқашев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын батысқазақстандық диқандардың егін оруға кіріскенін жазған едік.