Түрлі мәдениеттің ерекшелігін паш ететін ауқымды фестиваль осы күндері Чхонанды әлемдік би астанасына айналдырды.

Аталған іс-шараға «Астана Балет» театрының әртістері қатысып, «Ұлы Дала мұрасы» дивертисментінің үзінділерін ұсынады. Бұл — Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де көрермен көңілінен шығып үлгерген бағдарлама. Эстетика, көз жауын алар көркем образдар, әсем костюмдер мен қазақ хореографиясының мағыналық тереңдігі көпшілікті тәнті етіп келеді.

«Ұлы Дала мұрасы» — қазақ мәдениетінің әсемдігі мен сан қырлы болмысы жайлы мың бұралған бишілердің әңгімесі іспетті. Бағдарлама аясында лирика мен ой-толғамға толы композициялар, жігерлі әрі экспрессиялы миниатюралар, сондай-ақ философиялық тұрпаттағы қойылымдар жинақталған. Кең пішілген, жарқын әрі талғампаз ою-өрнекке бай халық костюмдері ерекше әсер қалдырады. Әр образ ежелгі дәстүр, көшпелі мәдениетті сипаттайтын ою-өрнек символикасы мен табиғат сырын ашатындай.
— «Астана Балет» театрының Чхонан 2025 дүниежүзілік фестиваліне қатысуы халықаралық мәдени ынтымақтастықты дамытудың даңғыл жолы. Шетел сахнасында өнер көрсету қазақ мәдениетінің мұрасын танытуға, түрлі елдер арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға және би өнері халықтарды біріктіретін әмбебап тіл екенін көрсетуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Абай облысының театрлары екі бірдей халықаралық байқауда топ жарғанын жазған болатынбыз.