Турнирге еліміздің медиа агенттіктерінің шығармашылық қызметкерлері қатысады. Жарыс Қазмедиа орталығында ұйымдастырылады.
«Көш» — журналист, сценарист әрі ұлттық үстел ойындарының авторы Ертас Жақыпбайдың туындысы. Қазақ халқының көшпелі өмір салтынан шабыт алған бұл ойын ата-бабамыздың тарихын, көшпелі мәдениеттің рухын және дала заңдылықтарын заманауи үстел ойыны арқылы жеткізуді көздейді.
Қатысушылар тақтайшаға бейнеленген бір жылқы мен үш қойды қыстаудан жайлауға көшіру барысында түрлі сынақтардан өтіп, ақыл-ой мен зеректікке, ұжымдық бірлікке және табиғатпен үндестікке негізделген интеллектуалды тартысқа түседі.
Осы ретте, агенттік тілшісі ойын авторы Ертас Жақыпбаймен аз-кем тілдесіп, бірнеше сауал қойған еді. Бүгінде Қазақ радиосында қызмет ететін журналист, жоғарыда айтқанымыздай, қазақтың тұрмыс-салтын, көшпенді мәдениетін жаңа заманға бейімдеп, балалар мен ересектерге арналған ойындар жасап жүр.

Оның айтуынша, ең басты туындысы — «Көш» ойыны қажеттіліктен туған.
— Ертас, «Көш» ойынын ойлап табуға не түрткі болды?
— Менің үш балам бар. Үйде олармен ойнайтын үстел ойындарымыздың бәрі орыс тілінде болды. Қазақшаға аударылған нұсқаларынан да қазақы иіс шықпайды.
Ал еліміздегі дүкендерге кірсеңіз, ойындардың 99 пайызы — шетелдік. Балалардың моторикасын, ойлау қабілетін дамытатын қазақы ойын таппайсыз.
Тек балабақшадағы тәрбиешілердің асықтан немесе тобықтан өздері құрастырып ойнатып жүргенін ғана байқаймыз. Міне, осы тапшылық мені жаңа ойын жасауға итермеледі.
— Ал «Көш» ойынының ерекшелігі неде?
— Бұл ойынды мүлде жоқтан ойлап таптым деу дұрыс емес. Әлемнің бірнеше елінде ұқсас құрылымдағы ойындар бар. Бірақ олардың барлығы өз дәстүріне қарай бейімделген.
Мен болсам, мұнда ата-бабамыздың көшпелі мәдениетін енгіздім. Қыстаудан жайлауға көшу, көш барысындағы қиындықтар, жақсы жайылым табу, тіпті барымта сияқты тарихи элементтерді тақтаға түсірдім.
Көшті иісі қазақтың бәрі тез түсінеді. Асық ойнап өскен адамға мүлде қиын емес.
— Қазіргі кезде «Көшті» ойнап жүргендерді көріп, қандай әсер аласыз?
— «Көш» жарық көргелі жарты жылдай уақыт өтті. Сол кезде алғаш үйренгендер әлі күнге дейін аптасына екі-үш рет ойнап жүр. Бұл — ойынның тартымдылығының дәлелі.
Әріптестер, достар, отбасы арасындағы қарым-қатынасты да жақсарта түседі.
Әрине, кейде жеңіліп қалса ренжитіндер де болады (күліп).
— Осы ойын түріне қатысты алда қандай жоспарыңыз бар?
— 27 қыркүйекте Парламент Мәжілісінің қолдауымен журналистер арасында алғашқы «Көш» чемпионаты өтеді. Жиырмадан астам команда қатыспақ. Бұл — біздің алғашқы үлкен қадамымыз.
Арманым — әр қазақтың үйінде «Көш» ойналатын күнді көру.

— «Көштен» басқа қандай ойындар ойлап таптыңыз?
— Біз тек бір ойынмен шектелмейміз. Мысалы, «Тай жарыс» атты логопедиялық ойын әріпті айта алмай жүрген балаларға арналған.
«Аударыспақ» — балалардың ұсақ моторикасын дамытуға бағытталған.
Ал «Сай» атты танымдық ойында қазақтың ақын-жазушылары, олардың шығармалары мен туған жері қамтылады. Бұл — мектеп оқушыларына арналған.
Айта кетейік, ұлттық ойындарды заманауи форматта ұсыну — ұрпақ тәрбиесі үшін аса маңызды іс.
Ертас Жақыпбайдың бастамасы қазақы құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, жас ұрпақтың ойлау қабілеті мен сөздік қорын дамытуға мүмкіндік береді.
«Көш» ойыны — қазақтың көшпелі мәдениетін жаңа буынға жеткізудің тың жолы.
Еске салайық, жамбы ату шебері Ерлан Юсупов шәкірт баптап, ұлттық спортты насихаттап жүр.