Жобаның инвестиция көлемі 320 млн АҚШ доллар.
Капсула салу рәсіміне Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, іскер топ өкілдері, сарапшылар қауымдастығы және жұртшылықтың қатысуымен өтті.

Министр жобаның ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі мен аграрлық сектордың экспорттық әлеуетін нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті:
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеудің маңыздылығына, оған отандық әрі шетелдік инвесторларды тарту қажеттігіне ерекше назар аударған болатын. Бүгін біз осы саладағы ең ірі жобалардың бірін іске қосып отырмыз. Бұл жоба жыл сайын 250 мың тонна астық пен 80 мың тонна бұршақ дақылдарын қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде қосымша экспорттық мүмкіндіктер ашылып, жоғары табысты өнімдер өндіріледі әрі Қазақстанның аграрлық дербестігіне қарай маңызды қадам жасалады. Бұл кешен халықаралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналатынына және Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңін ашатынына сенемін, – деді Айдарбек Сапаров.
Tiryaki Agro Holding директорлар кеңесінің төрағасы Сүлеймен Тирьякиоғлу да сөз алып, кешен құрылысының басталуы тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік аграрлық индустрия үшін де маңызды үлес екенін атап өтті:
– Біздің мақсатымыз – жаһандық нарықта сұранысқа ие, құны жоғары өнім шығаратын жоғары технологиялық өндіріс құру. Біз осы бастаманың бір бөлігі болғанымызға және қазақстандық серіктестермен тығыз әріптестікте жұмыс істеп жатқанымызға мақтанамыз, – деді ол.
Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылады: 2027 жыл – жылдық қуаттылығы 250 мың тонна болатын бидайды терең өңдеу желісін іске қосу; 2028 жыл – жылдық қуаттылығы 80 мың тонна болатын бұршақ дақылдарын өңдеу желісін пайдалануға беру.

Нәтижесінде кешен глютен, крахмал, лизин, өсімдік протеин изоляттары, құрамажем және басқа да жоғары қосылған құнды ингредиенттердің кең ауқымын өндіреді. Өнім ішкі нарыққа да жеткізіліп, ТМД елдеріне, Еуропалық одаққа, Солтүстік Америкаға және Оңтүстік-Шығыс Азияға экспортталатын болады.
Бұл жоба елдің агроөнеркәсіптік кешенінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды бастамалардың қатарын толықтырады. Олардың ішінде: Түркістан облысында «КазКрахмал» компаниясының жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін зауыт құрылысы, Жамбыл облысында Fufeng Group компаниясының 1 млн тонна жүгеріні қайта өңдеуді көздейтін жобасы бар.
Айта кетейік, елдің астық экспорты 12,8 млн тоннаға жетті.