Бұл жөнінде ол Қазақстан футбол федерациясына берген мәліметінде айтты.
— Бұл мен үшін соңғы іріктеу кезеңі болды. Ұлттық құрамада 20 жасымнан бері 16 жыл ойнап келемін. Қиын, әрине. Өзім эмоцияға ерік беретін адам емеспін, бірақ жігіттерге бірге ойнағаныма бақытты екенімді айттым. Бұл спорт, бұл өмір. Көп жарақат алдым, қайта оралдым, алаңға шықтым, әрдайым өзімді дәлелдеуге тырыстым. Жаңа буын өсіп келеді, енді оларға жанкүйер боламын. Әрине, мұндай жеңілістен кейін қоштасқым келмеген. Бірақ спорт деген осы тоқтап қалмай, ары қарай жүру керек, — деді ол.
Шыңғыс Есенаманов 1989 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. 2008-2015 жылдары қарағандылық «Тұлпар», 2015-2023 жылдары алматылық «Қайрат» сапында ойын көрсетті. Соңғы екі жылда «Семей» клубының намысын қорғап келеді.
Айта кетсек, футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына финалдық сатысынан тыс қалды.
Ел құрамасы 2026 жылғы Еуропа чемпионатында өз тобында екінші орынды місе тұтты.
Алдымен Албанияны 2:0 есебімен жеңсе, одан кейін Армениямен 4:4 есебімен тең ойнады. Үшінші кездесуінде Даниядан 2:3 есебімен жеңіліп қалса, өз алаңында аталған қарсыласын 7:3 есебімен тізе бүктірген еді. Бесінші ойында Албаниядан 4:2 есебімен басым түссе, дәл сондай есеппен сырт алаңда Арменияға есе жіберді.
Осылайша құрлықтық додаға тікелей шығу мүмкіндігін жоғалтып алды. Бұл топта 16 ұпаймен бірінші орынға Армения құрамасы табан тіреді.