Бұл туралы ҚР Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының директоры Байтілесов Бақытжан Төленұлы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында журналистің сұрағына жауап беру кезінде мәлімдеді.
Брифинг барысында журналистер Сот сараптамалары орталығының өңірлік филиалдары ақылы негізде маман қорытындысын ұсынып отырғанын атап өтіп, бұл қызмет түрінің жекеменшік сарапшылар жұмыс істеп тұрған бәсекелестік ортада қаншалықты заңды екені жөнінде сұрақ қойды.
— — Иә, бұл заңды. Біріншіден, сот-сараптамалық қызмет кәсіпкерлік қызмет емес. Оның басты мақсаты — пайда табу емес, сараптама тағайындайтын органдарды объективті нәтижемен қамтамасыз ету. Сонымен қатар заңнамада орталықтың ақылы негізде зерттеу жүргізуіне тыйым салынбаған. Біздің жарғымызда зерттеулерді шарттық негізде жүргізу құқығымыз көрсетілген, — деді Бақытжан Байтілесов.
Спикердің айтуынша, Орталықтың жарғысы тиісті антимонополиялық органмен келісілген, және бұл қызмет мекеменің қосымша қызмет түрі ретінде қарастырылған.
— Жарғымыз антимонополиялық органмен келісілген. Сонымен қатар бұл қызмет орталықтың қосымша қызметі ретінде оның жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз етуге бағытталған, — деп толықтырды ол.
Бұған дейін сараптама нәтижесімен келіспеген жағдайда қайда жүгіну керек екенін жазғанбыз.