Алматы әкімдігінің мәліметінше, биыл марафонға 60-тан астам елден келген 16 мың адам қатыспақ. Сол себепті 28 қыркүйек күні сағат 06:00-ден 12:30-ға дейін марафон қашықтықтары өтетін жолдарда көлік қозғалысы ішінара шектеледі. Спортшылардың жүгіріп өтуіне қарай жолдар кезең-кезеңімен ашылып отырады. Марафонның сөре және мәре сызығы Республика алаңында орналасады.
27 қыркүйек күні сағат 06:00-ден бастап 28 қыркүйек сағат 22:00-ге дейін Сәтбаев көшесінің Желтоқсан көшесінен Назарбаев даңғылына дейінгі бөлігінде екі бағыттағы көлік қозғалысы тоқтатылады.
Ал Назарбаев даңғылында Сәтбаев көшесінен Әл-Фараби даңғылына дейінгі аралықта көлік қозғалысы сағат 06:25-тен 09:35-ке дейін толықтай тоқтатылады.
Іс-шара өтетін күні Әл-Фараби даңғылында Назарбаев даңғылынан Шашкин көшесіне дейінгі аралықта сағат 06:30-дан 09:45-ке дейін көлік қозғалысы ішінара шектеледі. Әл-Фараби даңғылының батыс бағытындағы Шашкин көшесінен Саин көшесіне дейінгі аралықта сағат 06:35-тен 10:15-ке дейін көлік қозғалысы ішінара шектеледі. Көшенің оңтүстік жағы автокөлік қозғалысы үшін ашық болады.

Саин көшесінің солтүстік бағытындағы Әл-Фараби даңғылынан Абай даңғылына дейінгі бөлігі сағат 07:00-ден 11:00-ге дейін жабылады. Абай даңғылының шығыс бағытындағы Саин көшесінен Розыбакиев көшесіне дейінгі бөлігі сағат 07:10-нан 11:30-ға дейін жабылады. Даңғылдың солтүстік жағы автокөлік қозғалысы үшін ашық болады.
Абай даңғылында Розыбакиев көшесінен Байтұрсынов көшесіне дейінгі бөлігі сағат 07:20-дан 12:00-ге дейін толықтай жабылады. Баламалы қозғалыс әл-Фараби даңғылы арқылы жүзеге асырылады.
Байтұрсынов көшесінің бойымен Абай даңғылынан Сәтбаев көшесіне дейінгі аралықта көлік қозғалысы сағат 07:30-дан 12:15-ке дейін толықтай жабылады.
Сәтбаев көшесінің бойымен шығыс бағытта Байтұрсынов көшесінен Желтоқсан көшесіне дейінгі бөлігі сағат 07:40-тан 12:30-ға дейін толықтай жабылады.
Сондай-ақ Желтоқсан көшесінің бойымен Абай даңғылынан Сәтбаев көшесіне дейінгі бөлігі 27 қыркүйек сағат 18:00-ден 28 қыркүйек сағат 16:00-ға дейін ішінара жабылады.
Еске салайық, биыл Алматыда жартылай марафонға қатысқан екі адам қайтыс болды.