Қайғылы жағдай 23 қыркүйек күні күндіз Таразда болған. Анасы біраз уақытқа үйден шығып кеткенде, қызы қорада асулы күйде табылған. Оқиға орнына келген дәрігерлер оның көз жұмғанын растады.
№26 орта мектептің 9-сынып оқушысы неге мұндай қадамға барғаны әзірге белгісіз.
Қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр, полиция тиісті тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы 3-бөлігі («Өзін-өзі өлтіруге жеткізу») бойынша іс қозғалды.
Қаза болған қыз соңғы екі айда өңірде өмірімен қош айтысқан жетінші бала.
– Бұл жағдайға байланысты облыстық психологиялық қолдау орталығының жұмыс тобы құрылып, отбасыға қажетті психологиялық көмек көрсетілді. Айта кету керек, марқұм ешқандай есепте тұрмаған, үлгерімі жақсы болған, сабырлы, айналасындағылармен жақсы қарым-қатынаста болған. Тәртіп бұзу фактілері тіркелмеген, – делінген облыстық білім басқармасының хабарламасында.
Еске салсақ, жазда Жамбыл облысында бірнеше күн айырмашылықпен Түймекент пен Дихан ауылдарының жасөспірімдері, сондай-ақ Тараз қаласының бір баласы өз-өзіне қол жұмсаған еді.
Айта кетелік Биыл Жамбыл облысында балалар арасында суицид жиілеп тұрғаны жайында жазған едік.