Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында 160-тан астам бірінші курс курсанты Отанға адал болуға ант берді.
Бір ай ішінде бірінші курс курсанттары жас жауынгер курсынан өтіп, әскери дайындықтың негіздерін меңгеріп, мінездерін шыңдап, армиялық өмір салтына бейімделді.
Салтанатты рәсім басталмас бұрын қонақтар үшін әскери институттың оқу орталығына экскурсия ұйымдастырылды. Жаңа тактикалық алаңда әскери дайындық элементтері мен ұрыс жағдайына барынша жақын ортада дрондардың шабуылын тойтару бойынша сабақтар көрсетілді.
Институт бастығы генерал-майор Нұртас Қабақов курсанттарды құттықтап, бұл іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
— Бүгінгі салтанатты рәсімді оқу орталығында өткізуіміздің себебі ата-аналар балаларының әскери білімді қалай меңгеріп жатқанын өз көздерімен көрсін деген ой еді. Біздің оқу орнымыз заманауи сын-қатерлер мен қауіптер жағдайында тапсырмаларды орындай алатын жаңа буын офицерлерін даярлайды. Бүгін сіздер ел қауіпсіздігін күзететін қатарға қосылып отырсыздар. Қазақстан армиясының болашағы сіздердің тәртіптеріңізге, білімдеріңізге және табандылықтарыңызға байланысты, — деді ол.
Іс-шара барысында алғаш рет оқу орнының гимні орындалды. Оның сөзін институт бастығы ақын әрі композитор Нұрлан Нұртазинмен бірлесіп жазған. Бұл ән бірінші курс курсанттары үшін жай ғана ән емес, әскери институттың абыройы мен даңқын сақтау жөніндегі нағыз антқа айналды.
— Бүгін мен үшін ерекше күн. Әскери ант беру — зор құрмет пен үлкен жауапкершілік. Енді біз жай ғана курсант емеспіз, Отан қорғаушыларымыз, сол сенімді ақтау үшін барымды саламын, — деді курсант Арлен Жақашбаев.
Биыл әскери жоғары оқу орнына Қазақстанның барлық өңірінен 200-ден астам курсант қабылданды. Олардың арасында әскери даярлығы жоғары бағаланған, «Сарбаз 2.0» бағдарламасы бойынша қабылданған 30-ға жуық мерзімді қызметтегі сарбаз бар. Сонымен қатар, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық аясында институтқа Қырғызстан мен Тәжікстаннан сегіз азамат оқуға түсті.
Айта кетейік, биыл институтта екі жаңа мамандық ашылды. Олар – «әскери істегі криптология» және «аударма ісі». Бұл бағыттар қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптер жағдайында сұранысқа ие мамандарды даярлаудың негізіне айналмақ.
Бұған дейін Ұлттық ұлан курсанты оқулық жазып шыққанын жазған болатынбыз.