БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Саягүл Ғалиеваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің және ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірлескен бұйрығына сәйкес «Жалпы білім беретін мектептерде жекелеген санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге тегін және жеңілдікпен тамақ беру» мемлекеттік қызметін іске асыру аясында аудан орталықтары мен қалалардағы 95 мектепте автоматтандырылған бағдарламалық-аппараттық кешен орнатылған. Бұлар «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесімен интеграцияланған.
Саягүл Мәулетқызының сөзіне қарағанда, қалған 270 мектепте балама есеп құралы ретінде «Бизнес әмиян» қосымшасы қолданылуда.
Аталған 95 мектептегі жеткізушілердің жұмысы былайша бөлінген.
- 23 мектеп — «Отан-мектеп»: Face ID құрылғысы арқылы биометриялық сәйкестендіру енгізілген;
- 11 мектеп — «Алақан»: алақанмен сәйкестендіруге арналған турникет терминалдары орнатылған;
- 6 мектеп — «Қазбілім»: оқушыларға арналған сәйкестендіру карталары қолданылуда;
- 55 мектеп — «Е-Асхана»: оқушыларға арналған сәйкестендіру карталары енгізілген.
— Бұл бағыттағы, әсіресе, цифрландыру мен ашықтықты қамтамасыз ету арқылы атқарылып жатқан жүйелі жұмыс оқу жағдайын жақсартуға, шәкірттер денсаулығын сақтауға және олардың даму мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Тамақтану мәзірі оқушылардың жас ерекшеліктері мен ағзаның ақуыз, май, көмірсу, дәрумендер және минералдарға деген қажеттілігіне сай әзірленді. Биылғы оқу жылына бастап жаңа мәзірді денсаулық сақтау басқармасы бекітеді. Бүгінгі таңда 4 аптаға 4 түрлі мәзір дайындалып, барлық мектептерге, одан әрі мектеп асханасын жалға алушы мекемелерге жеткізілді. Күні бүгін оқушылар жаңа мәзірмен тамақтануда, — деді С.Ғалиева.
Оның айтуынша, 1-4 сыныпта білім алатын 50 359 оқушы ыстық тамақпен түгелдей қамтылған. Сонымен қатар әлеуметтік қолдау аясында 5 санат бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған топқа жататын 5-11 сыныптағы 6 102 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
Тегін тамақпен қамтылмаған оқушылар үшін мектепте ақылы буфеттік тамақтану ұйымдастырылған. Буфет санитариялық талаптарға толық сәйкес келеді және күні бойы жұмыс істейді. Онда әр бала қалауы бойынша пайдалы әрі әр түрлі тағамдар мен сусындарды сатып ала алады.
— Тамақ сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тамақтану блоктарының санитариялық жағдайы ұдайы қадағаланады. Сондай-ақ ата-аналар тарапынан бақылау элементтері енгізілген. Өнім сапасы қоғамдық және ішкі мониторинг арқылы бақыланады. Диетологтар мен медицина мамандарының қатысуымен мәзірлер үнемі жаңартылып отырады, — деп қосты басқарма басшысының орынбасары.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ашылуы тиіс келешек мектебі неге мерзімінде берілмей қалғанын жазған едік.